- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атырау облысында бес...
Атырау облысында бес адамның өліміне кінәлі жүргізуші бес жылға сотталды
Атырау облысы Жылыой ауданында бес адамның өліміне кінәлі жүргізуші бес жылға сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайық" сайтына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, Жылыой аудандық соты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі (345-бап. Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша күдікке ілінген ер адамның ісін қарады.
Сот мәліметінше, 14 қаңтарда Honda Odyssey көлігін тізгіндеген жүргізуші ВАЗ-211540 көлігімен соқтығысқан. Салдарынан жүргізуші, 3 жолаушы мен екінші көлікте отырған жолаушы қаза болған. Сотталушының жол апатындағы кінәсі сараптамалардың қорытындыларымен, куәгерлердің айғақтарымен толық расталады.
Бұл бап бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Прокурор жүргізушіні 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған, күдікті кінәсін мойындамаған.
Жылыой аудандық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде тағайындау кезінде жүргізушінің бұрын сотталмағаны, кәмелетке толмаған балалардың болуы, тұрғылықты жерінен оң мінездеме ескерілген. Ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ. Нәтижесінде сотталушы 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина