Атырау облысындағы Бақсай су арнасында үш миллионнан астам балық шабағы ағынсыз, тереңдеу су қоймаларына өте алмай қалған. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің балық шаруашылығы комитеті мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Шабақтардың қырылып қалу қаупінің алдын ала себебі - су арнасындағы мұз қатуына байланысты суда еріген оттегінің төмен деңгейде болуы", - деп хабарлады ведомство.
Құтқару жұмыстары Махамбет ауданындағы Ерғалиева ауылына жақын орналасқан Бақсай су арнасында жүргізіліп жатыр. Су арнасында жиналған шабақтарды 13 қаңтарда байқаған. Негізінен бұл шортан мен сазан балығының шабақтары. Олар тірі күйінде Жайық өзеніне жеткізіліп жатыр. Бірнеше күннің ішінде 3,2 миллионнан астам шабақ көшірілді. Бұл шараларға 40 адам мен 7 техника жұмылдырылғаны хабарланды.
Бұған дейін экобелсенділер көктемгі тасқын сулармен келген балықтардың уылдырық шашып, өскеннен кейін, суы тереңдеу қоймаларда, ағысы жоқ көлдерде қалып қойғанын айтқан болатын.
Балық шаруашылығы комитеті бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет