Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соты Құлсары қаласындағы балабақшаны қиратқан мектеп оқушыларының ата-аналарына айыппұл салды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі azh.kz басылымына сілтеме жасап.
Бұл оқиға қазанның басында болды. Кейін әлеуметтік желіде мектепке дейінгі мекемеге қастандық жасалғаны туралы видео тараған. Жылыой ауданының полицейлері 6-7-сыныптың алты оқушысының жергілікті балабақшаға кіргенін, есіктің әйнегін сындырып, гүлдерді, жиһаздарды, ойыншықтарды шашып, өрт сөндіргіштерді шашқанын анықтады. Нәтижесінде жасөспірімдердің ата-аналары "Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін" (ӘҚБтК-нің 127-бабы) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, ата-аналар балалардың кінәсін мойындап, ең төменгі айыппұл тағайындауды сұраған. "Кінәні мойындаған кезде сот әкімшілік айыппұл сомасын 30 пайызға азайтуға құқылы. Сот құқықбұзушылықтың сипатын, заңды өкілдерінің жеке басын, олардың құқықбұзушылық жасалғанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын, сондай-ақ, ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, оларға 21 441 теңге айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындады", - делінген хабарламада.
Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ. Кейін балабақша әкімшілігі сот арқылы немесе ерікті түрде келтірілген материалдық залалды өтеуді талап етуге құқылы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!