- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атырау облысы...
Атырау облысы Кенбай ауылындағы мектепте бір ғана оқушы оқып жатыр
Атырау облысының Кенбай ауылындағы мектеп жалғыз оқушыға бола істеп тұр. Үшінші сыныпқа баратын бір балаға бес мұғалім сабақ береді екен. Жалғыз оқушысы бар мекемеде одан бөлек 15 маман қызмет етіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Бірнеше жыл бойы санаулы балаға сабақ беріп келген білім мекемесін "биыл жабамыз" депті, бірақ тұрғындар мектеп жабылса, ауыл құриды деп қорқып отыр.
"Күйеуімнің жалғыз жалақысымен кәмелетке толмаған төрт баламен қалада тұра алмаймын. Сол үшін осы жерде тұрып жатырмын. Мен ауылым деп шырылдап отырмын. Сол үшін мектепті жаппауын талап етемін. Бала жоқ, бала жоқ дейді. Бер жағында өсіп келе жатқан 10 шақты бала бар. Мектеп жоғалып кетсе, біздің ауыл құриды", - дейді Айсара Әбезбаева.
Бүтін бір ауылды асырап отырған мектепті жаппауды сұраған кенбайлықтар жергілікті билік елді мекенге көңіл бөлуі керек дейді. "Өсіп келе жатқан өзге балаларды қалаға қаңғыта алмаймыз" деп отыр. Сондай-ақ шенеуніктер бұл мектептің жөндеу жұмысына осыдан үш жыл бұрын 30 миллион теңге жұмсапты.
Оған қоса, ауылға газ құбырын жүргізуге 2 миллиард теңге тағы бөлінген. Соншама қаржы жұмсалып жатқан елді мекен тұрғындары тентіреп кетуден қорқады. Ал білім басқармасы "Бір бала үшін бір мекеме ұстап отыру тиімсіз" дейді.
"Қаржы жағынан алып қарағанда, бір балаға бірнеше қызметкер ұстап, бір мектепті ұстап тұру қиын. Халықтың ұсыныс-пікірін ескеріп, әрі қарай мәселені дұрыс шешуге талап қойғалы отырмыз", - дейді Атырау облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан