Атырау мұнай өңдеу зауытындағы өрт: қазіргі жағдай белгілі болды

Атырау мұнай өңдеу зауытындағы өрт: қазіргі жағдай белгілі болды
Фото: Видео кадры

Атырау мұнай өңдеу зауыты аумағындағы өрт толық сөндірілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

25 тамызда сағат 12:55-те 112 пультіне Атырау мұнай өңдеу зауыты аумағында түтін шыққаны туралы хабарлама түскен.

"Нысанның ерекшелігі ескеріле отырып, ТЖМ күштері мен құралдары жоғары шақыру дәрежесі бойынша оқиға орнына дереу жіберілді. Өртті сөндіруге ТЖМ, "Семсер өрт сөндіруші", АТМА әуежайы және NCOC компаниясының өрт сөндіру-құтқару қызметінен шамамен 65 адам, 19 техника жұмылдырылды", - деп жазылған хабарламада.

Оқиға орнында жедел штаб жұмыс істеп, күштер мен құралдардың іс-қимылы үйлестірілген. Сағат 13:42-де өрт оқшауланып, одан әрі таралуына жол берілмеген.

"Қазір өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Жағдай бақылауда", - деді ТЖМ өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін Атырау мұнай өңдеу зауытында өрт шыққаны хабарланды. Зауыттың баспасөз қызметі мәліметінше, 25 тамызда сағат 12:35-те жабық үлгідегі механикалық тазарту құрылыстарының (МТҚ) тұндырғышында өрт шыққан.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget