Үкіметте премьер-министр Олжас Бектенов жолдардың сапасы бойынша жиын өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Олжас Бектенов шұғыл шешуді қажет ететін мәселелерге назар аударды. Мысалы Павлодар тасжолының бетон төсемі көтеріліп жатыр, Солтүстік Қазақстан облысында тексерілген сынамалардың 43%-ы сапа стандарттарына сәйкес келмеген.
Елді мекендердегі тұрғындар тарапынан жол сапасына қатысты ең көп сын Атырау және Түркістан облыстарында тіркелген.
Премьер-министр кепілдік міндетін сапасыз орындағаны үшін мердігерлік ұйымдар жауапкершілігін күшейтуді тапсырды. Премьер-министр едәуір көлемде бюджет қаражаты бөлінгеніне қарамастан, кейбір өңірлерде оны игеру баяу жүріп жатқанын да айтты. Мәселен Абай облысында 42%, Ақтөбеде 52%, Ақмолада 56% игерілген.
"Осы заңбұзушылықтарды ескере отырып, Көлік министрлігіне және Ұлттық сапа орталығына 1 қазанға дейін жол жобаларының жүзеге асырылуын тексеруді тапсырамын. Кінәлілерді жазалау бойынша есеп пен ұсыныстар енгізілсін. Көлік және Қаржы министрліктеріне Ұлттық сапа орталығының қызметін күшейту бойынша шешімдер дайындауды тапсырамын", - деді Олжас Бектенов.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова