Атырау полицейлері қала мектептеріне "шабуыл жасалатыны" туралы хабарламаға түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Атырау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, әлеуметтік желілерде бейтаныс тұлғалар Атыраудағы мектептерде қылмыс жасауға дайындалып жатқаны туралы тағы да ақпарат таратып жатыр.
"Осы факті бойынша полиция департаменті терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатқанын хабарлаймын. 26 қаңтардан бері құзіретті органдармен бірлесіп оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде бейнебақылау арқылы және оларға жақын жерлерде полиция жасақтарын көбейту жұмыстарын үздіксіз жүргізіп жатырмыз. Мектеп оқушылары штаттық режимде оқуын жалғастырып жатыр, полиция және өзге де құзырлы органдар тиісінше қауіпсіздікті қамтамасыз етеді", - деді Атырау полиция басқармасы бастығының орынбасары Әнуар Көкалов.
Ведомство өкілі бұл хабарламалар халық арасында дүрбелең туғызуға арналғанын айтты.
"Азаматтардан арандатушылыққа берілмеуін және тыныштықты сақтауды сұраймыз! Жағдай құқық қорғау органдарының бақылауында", - деді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз