Үш күн тоқтаусыз жауған жаңбыр салдарынан Атырау көшелерін су басты. Осылайша жаңадан салынған жолдар бордай үгітіліп жатыр. Бірқатар үйдің төбесінен су ағып, тұрғындарды әбігерге салған. Кейбір көшелер қайықпен жүретін жағдайға жеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Аlmaty.tv-ға сілтеме жасап.
Тұрғындардың айтуынша, жол шетінде суағар жоқ.
"Жауын жауған сайын су көтеріліп, үйге кіреді, шарбақтың іші су болады. Дренаж жоқ. Талдар өледі, мәселені ушықтырмай шешу керек қой", - дейді тұрғындар.
Мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандар ауласын да су басқан. Одан бөлек, арнасын таппаған су аулаларға да жайылған.
"Әрбір үйдің шарбағында су 2 метрге дейін көтерілген", - деді қала тұрғыны Гаухар Талғат.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, 3 күнде айлық нормадан 1,5 есеге артық жауын-шашын жауған. Жаңбыр суын сорғытуға қырықтан аса арнайы техника тартылған.
Қалада су сору жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Ал синоптиктер алдағы апта да жаңбыр жауатынын айтты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!