Атырау халқы түтінге тұншығып отыр

Атырау халқы түтінге тұншығып отыр
Фото: t.me/atyrauakimat

Атырау облысында қамыс өртеніп, қаланы күйік иісі басты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, дүйсенбіде кешке облыс орталығының түрлі ауданында түтін мен күйік иісі сезілген.

Атырау облысы ТЖД мәліметінше, өрт Еркінқала ауылынан Каспий теңізі жағалауына қарай шамамен 40 шақырым жердегі батпақта шыққан.

Өрттің ауданы 34 гектар болған. Оның 18 гектары өртсөндірушілердің күшімен ауыздықталса, тағы төрт гектардағы өрт өздігінен тоқтаған.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қамыс өртіне қатысты жиналыс өткізген. Оған ТЖД өкілдері, Исатай және Махамбет аудандарының басшылығы, сондай-ақ, жауапты қызметтердің басшылары қатысқан.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша қамыс өрті Исатай және Махамбет аудандарының шекарасында, Каспий теңізіне жақын жерде шыққан, ол "Ақжайық" мемлекеттік табиғи резерваты аумағынан тыс жерде болған.

Жиналыста оқиға орнында жедел штаб жұмысын ұйымдастыру тапсырылған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget