Атырау халқы тағы да тұншығып отыр

Атырау тұрғындары "қолқаны қабатын өткір иістен тұншығып отырмыз" деп шағынып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап. 

Ал ауа сапасын тексерген экологтар күкіртсутегінің мөлшері қауіпті деңгейге жеткенін анықтаған.

"Экология департаменті халық көп шағынған аймақтардан сынама алып, ауа сапасы ластанғанын анықтады. Күкіртсутегі Тасқала ауылы маңында 17 есеге, Тасқала ауылына іргелес аумақта 15 есеге, Химиктер ауылында 36,3 есеге шектен асқан. Қазір зерттеу құжаттары дайындалып жатыр. Атырау мұнай өңдеу зауытына бақылау жүргізіледі", - деді Атырау облысы Экология департаменті басшысының орынбасары Ерлан Есенов.

Демалыс күндері Атырау мұнай өңдеу зауыты маңында тұратын тұрғындар өткір иістен есік-терезесін ашпай, далаға шыға алмай қалған.

Экологтар күкіртсутегінің мөлшері көп дегенімен, мұнай өңдеу зауытының өкілдері мұнымен келіспей отыр.

"Атырау аумағында зауыттан басқа да ластаушы көздер бар. Нақты қайдан болғанын құзырлы органдар айтады", - деді АМӨЗ Қоршаған ортаны қорғау бөлімінің жетекші инженері Мөлдір Борашова.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!