Атырау халқы лас ауа мен жағымсыз иіске шағымданды: кәсіпорындар тексеріледі

Атырау халқы лас ауа мен жағымсыз иіске шағымданды: кәсіпорындар тексеріледі
Фото: azh.kz

Атырау халқы әлеуметтік желіде лас ауа мен жағымсыз иіске шағымданып жатыр. Өңір әкімі ауа ластануына жол берген кәсіпорындарды тексеруді тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Облыс әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен аппарат отырысы өтіп, ауа сапасына қатысты мәселелер қаралған. Әкім кейінгі күндері әлеуметтік желіде қала тұрғындары ауа сапасы нашарлағанын және жағымсыз иіс барын айтып, жаппай шағымданып жатқанын, бұл негізсіз емес екенін мәлімдеді.

Бұған дейін облыс әкімі ауа сапасын түнгі уақытта өлшеуді тапсырған еді. Атырау облысы Санитария-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасарының айтуынша, мониторинг сағат 22:00 мен 07:00 аралығында жүргізілген.

Нәтижесінде қаланың бірқатар ауданында ластаушы заттар, соның ішінде күкіртсутек пен көміртек оксиді рұқсат етілген концентрациядан жоғары екені тіркелген.

Аймақ басшысы ауаның ластануына жол берген кәсіпорындарды тексеру үшін тиісті материалдарды дайындауды тапсырды.

"Қалыптасқан экологиялық жағдай күрделі және мұндайға жол беруге болмайды", - деді Болат Ақшолақов.

Экология департаменті мәліметінше, қазір тәуелсіз сарапшылармен бірге "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС-ға кешенді тексеріс тағайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget