Атырау – Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызында билетсіз келе жатқан ер адам қайтыс болды. Оқиға 13 шілде күні Қандыағаш – Ақтөбе аралығында болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жолаушылар тасымалы" компаниясының мәліметінше, ер адамды вагонға билеті болмағанына қарамастан жолсерік кіргізген. Сапар кезінде жолаушының жағдайы күрт нашарлап, ол оқиға орнында көз жұмған.
Осы жағдайдан кейін тасымалдаушы компания қызметтік тексеру жүргізді. Оның қорытындысы бойынша пойыз бастығы мен екі жолсерік жұмыстан шығарылған.
Сондай-ақ Ақтөбе учаскесінің бастығы мен өндірістік оқыту нұсқаушысына қатаң сөгіс берілді. "Батыс" филиалы басшылығына қатысты да қызметтен босатуға дейінгі тәртіптік шаралар қарастырылып жатыр.
Компания өкілдері вагондағы кондиционер қалыпты жұмыс істегенін және температура белгіленген талаптарға сай болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ вагонның 2023 жылы шығарылғаны айтылды.
Пойыз Ақтөбеге жеткеннен кейін марқұмның денесі полиция қызметкерлеріне тапсырылған.
Ақтөбе стансасындағы көліктегі полиция бөлімі жолаушының өліміне байланысты қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамның өліміне екіжақты пневмония себеп болуы мүмкін. Оқиғаның нақты мән-жайы тергеу қорытындысынан кейін белгілі болады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz