Атырау - Ақтөбе бағытындағы пойызда жолаушы көз жұмды. Қазір қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Пойыздағы жолаушының қазасы туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Қайғылы жағдай 13 шілдеде болған. Сапар кезінде жолаушылардың бірінің денсаулығы нашарлап, ол көп ұзамай қайтыс болған.
"Жолаушылар тасымалы" компаниясы өкілі оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"Жолаушы жол жүру құжатынсыз сапарлаған. Оны вагонға жолсеріктердің бірі мінгізген. Қандыағаш - Ақтөбе учаскесінде жолаушы кенет қайтыс болды. Жолаушы отырған вагон 2023 жылы шыққан", - деді компания өкілдері.
Оқыс оқиғадан кейін "Жолаушылар тасымалы" АҚ "Батыс" филиалында ішкі қызметтік тергеу жүргізілген. Осылайша қаза тапқан азаматтың билеті болмағаны расталған. Оны вагонға жолсерік отырғызған.
"Тергеу қорытындысы бойынша сол күні вагонның екі жолсерігімен және пойыз бастығымен арадағы еңбек шарты бұзылды. Ал Ақтөбе учаскесінің бастығы мен өндірістік оқыту нұсқаушысына қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза тағайындалды", - деді "Жолаушылар тасымалы" өкілдері.
Компания мәліметінше, сапар кезінде пойыздың барлық жүйесі, соның ішінде салқындатқыш жұмыс істеп тұрған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова