Бірқатар БАҚ-та Атырау әкімі Шәкір Кейкин қызметінен кеткені туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі өкілі редакцияға берген жауабында бұл жайтты растады. Алайда шенеунік неліктен қызметінен кеткенін нақтыламады, тек "өз еркімен қызметінен кетті" деп жауап берді.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері БАҚ-та жарияланған "Атырау әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов ұсталды" деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Ведомство бұл дерек бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын растаған еді.
Сонымен қатар, ҰҚК Тілек Махуовқа қатысты соталды тергеу жүріп жатқанын да растаған болатын. Сол кезде БАҚ пен Telegram арналарда оның ұсталғаны және пара алды деген күдікке ілінгені туралы ақпарат тараған еді. Атырау әкімдігі сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, ол - қала әкімінің орынбасары.
Шәкір Кейкін 1970 жылы Атырау облысы Жылыой ауданында дүниеге келген. Ол 1993 жылы Қазақ политехникалық институтын тау-кен инженері мамандығы бойынша тәмәмдаған.
Еңбек жолын 1993 жылы бастаған. Облыстың аудандарында басшылық қызметтер атқарған. Сауда және интеграция министрлігінде Сауда департаментінің басшысы да болған.
Қала әкімі қызметіне 2023 жылғы 10 шілдеде тағайындалды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!