Атын жанында болған қызметкердің есімімен атаған: уақытша ұстау изоляторына қамалған әйел босанды

Павлодарда уақытша ұстау изоляторына қамалған әйел босанды. Толғағы келіп қалған жүкті әйелге облыстық қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлері көмектесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Пост бақылаушысы бесінші режим корпусын кешкі тексеру кезінде толғақ белгілері басталған жүкті әйелге назар аударған. Ол бірден кезекші бөлімге хабарлап, жедел жәрдем шақырған.

ҚАЖ қызметкерлерінің айтуынша, тергеу изоляторына әйел жүктіліктің тоғызыншы айында келген. Босану облыстық перинаталдық орталықта, қалыпты өткен. Баланың денсаулығы – жақсы. Мекемеге оралғаннан кейін ана мен бала барлық коммуналдық-тұрмыстық жағдайлары жасалған жеке камераға ауыстырылды.

"Енді біздің міндетіміз – ананың баламен мекемеде болуының қолайлы жағдайларын қамтамасыз ету. Баланы күту үшін барлық қажетті заттар сатып алынды. Ал нәрестенің денсаулық жағдайы тергеу изоляторы медицина қызметкерлерінің бақылауында", - деді мекеме бастығының жалпы сұрақтар және сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру жұмыстары жөніндегі орынбасары Темірлан Жұматаев.

Босанған әйелдің айтуынша, қызының дүниеге келуі оған күш беріп, тезірек босатылуына үлкен мотивация пайда болған. Қызын осы уақыт бойы қасында болған қызметкердің есімімен атап, Жұлдыз деп қойған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!