- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Атымнан 9 миллион...
"Атымнан 9 миллион теңге несие алды". Жаңаөзен тұрғыны бір күнде өзі білмей қарызға батқан
Жаңаөзен қаласының тұрғыны Ахмет Жантілеуов редакциямызға жүгініп, бір күннің ішінде өзі білмей қалай 9 миллион теңге несие алғанын айтты. Оның сөзінше, танымал банктердің бірінің қызметкері кеңсеге шақырып алып, алдап атынан несие рәсімдеген. Тіпті кейін жұмыстан шығып кеткен. Massaget.kz тілшісі оқиғаның анық-қанығын зерттеді.
Ахмет Жантілеуов 28 шілдеде қаладағы банктердің бірінің кеңсесіне шақырылған.
"Банкте жұмыс істейтін Кендебаев Ж. есімді менеджер қоңырау шалып, "сіздің деректеріңіз базадан кетіп қалыпты, тезірек келіп кетіңіз" деп шақырып алды. Ойымда ештеңе жоқ, барып, "менің деректерім кетуі мүмкін емес, жалақымды осы жерден аламын, үнемі банктен SMS-хабарлама келеді" деп түсіндірдім. Банк қызметкері жеңістік бермей, өзінің телефонымен фотоға түсіріп алды. Кейін "болды, жүре берсеңіз болады" деп қайтарып жіберді", - дейді ол.
Бұл оқиғаға бірнеше күн өткен соң банктен тағы бір менеджер хабарласып, тезірек келуін сұраған.
"Оған қолым тимейтінін айттым. Ол "тез келуіңіз керек" деді. Бірдеңе болғанын сездім де, менеджер Кендебаев Ж.-ға телефон соқтым, ұялы телефоны сөніп тұрды. Жұмыс орнына барсам, "2 күн болды, жұмыста жоқ" дейді. Кейін "маған тезірек келіңіз" деп шақырған адамға бардым. Сол кісі бәрін түсіндірді. Кендебаев Ж. 4 адамның үстінен кредит алып, жұмыстан шығып кетіпті. Жалпы сома 40 миллион екен. Ең соңында менен кредит алған екен. Кредит алу оп-оңай ма, түсінбедім? Оның үстіне 4 адамның шотынан кредит алып, депозиттеріндегі ақшаны да өзінің шотына аударған. Қауіпсіздік қызметкерлері неге тексеріп отырмаған? Менеджердің шотына неге ақша түсіп жатыр деген сұрақ тумай ма оларда? Әлде бәрінің қатысы бар ма?" - дейді бұл жағдайға әлі сене алмай жүрген Ахмет Жантілеуов.
Осылайша, ол алғашында банк менеджері алдап шақырғанын, оның орнына атынан 9 миллион несие алғанын білген. Мәселе мұнымен бітпеген. Оны танымал банктердің бірінің менеджері шақырғанымен, сол менеджер оның атынан басқа банктен несие рәсімдеген. Тіпті Жаңаөзен тұрғыны мұндай жайтқа тап болған тек өзі емес екенін, тағы үш адам алаяқтықтың құрбаны болғанын естіген.
"Атымнан басқа банктен кредит алған. Жалпы 4 адамбыз. Қасымдағы 3 адамнан жалақыларынан ұстап қалып жатыр екен. Олардың депозиттеріндегі ақшаны да алып кеткен. Бәріміз қалалық полиция департаментіне арыз жаздық. Прокуратораға арыз жазайын десек, банктің үстінен қабылдамай қойды. Антикорға бардық, олар да қабылдамай қойды", - дейді ол.
Ахмет Жантілеуов банкте телефонына ешқандай хабарлама келмегенін, ешбір жерге қол қоймағанын айтады. Енді ол бұл іске күдіктінің таныс-туысы араласып кете ме немесе басқа да жолдар арқылы кінәлі жауапкершіліктен қашып, қыруар несие мойнымызда қала ма деп уайымдап отыр.
"Тергеуші тумаласы дегенді естідік. Менеджердің ата-анасына да хабарласып, "қалай төлейсіңдер?" деп сұрадық. "Төлемейміз, сіздерге 40 миллион төлегенше, сотты сатып алмаймын ба" деп кесіп айтты. Артынша тергеуші хабарласып, "ата-анасына неге хабарласасыңдар, мазасын алмаңдар, оның орнына өздерің сотталып кетулерің мүмкін" деп бізді қорқытты", - дейді ол.
Ол банктің өзіне де жүгініп көрген.
"Ақпарат тиісті бөлімге жіберілді. Сізге нәтиже туралы хабарланады" деген хабарлама жіберді", - дейді қала тұрғыны.
Ал күдікті болған жайттың бәрін мойындаған. Айта кетейік, редакция бұл мәселе қалай өрбитінін алдағы уақытта да бақылайды.
Еске салайық, бұған дейін алаяқ ауыл тұрғындарын 30 миллион теңгеге сан соқтырғаны хабарланған еді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова