“Аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуді доғару қажет“. Президент қатаң ескерту жасады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысының сөзінше, салаға жауапты министрліктер педагогтердің жаңа буынын даярлау үшін күш жұмылдыруы керек.  

"Мұғалімдердің біліктілігін көтеру мәселесіне ерекше назар аударған жөн. Алайда осы саладағы кезекті ауқымды реформаны жасаймыз деп, бүкіл оқу жүйесін қысқа мерзімде түбегейлі өзгертуге болмайды. Әйтпесе бұрыннан қалған теріс нәтижелер осы аса маңызды саланың тас-талқанын шығарғаны есімізде бар. Осындай сынақтар оқу саласына үлкен зиян әкелді. Тек реформа үшін жай аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуді доғару қажет. Басқа сөзбен айтқанда, реформаларды, өзгерістерді, әрине, жүргізу керек, бірақ ондай өзгерістер мұғалімдерді әбден шаршатып, оларды күйзеліске ұшыратпауы керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, әрбір реформаны жүзеге асырар алдында оны жан-жақты саралау, тиімділігіне әбден көз жеткізу керек.

"Реформа бастапқы сынақ, эксперимент емес, бұл – жауапты шешім, іс-шара. Үкімет педагогикалық жоғары оқу орындарының қызметін қайта қарау кезінде бұл мәселені міндетті түрде ескеруге тиіс. Ұстаздарды мектеп пен балабақшадағы жұмыстың кәсіби ерекшеліктеріне барынша бейімдейтін бірыңғай жүйе құру қажет деген ұсыныс бар екен. Оны жан-жақты қарап, қажет болса, іске асыру керек. Бұл іске әдістемелік орталықтар, мектепке дейінгі, орта және қосымша білім беру мекемелері белсене атсалысуға тиіс. Осы салаға жауапты министрліктер педагогтердің жаңа буынын даярлау үшін күш жұмылдыруы керек. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жұмыла әрекет ету қажет", - деді Мемлекет басшысы.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!