Алматыда аты аңызға айналған Панфилов дивизиясының соңғы сарбазы, 101 жастағы Қайырлы Жоңқабаев қайтыс болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ұлттық ұланның "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қайырлы Жоңқабаев Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1940 жылы ШҚО Құлынды орта мектебінде мұғалім болып бастаған.
1941 жылғы қазанда Панфилов дивизиясының 23-гвардиялық полкіне Қызыл Әскер жауынгері ретінде алынған.
8-гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында пулеметші болған, Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллинмен бір ротада болған, Беларусь, Польша, Эстонияны азат етуге қатысқан. 1943 жылы ақпанда қанды Ржевск шайқасында жарақат алып, жеңісті Дрезденде қарсы алған.
Соғыстан кейін Самар аудандық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1970 жылдан 1983 жылға дейін Алматыда тамақтану жүйесінде шаруашылық есеп директоры болды. 1983 жылы ол құрмет демалысына шықты. Бес бала тәрбиелеп өсірген.
Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін "Қызыл Жұлдыз", және ІІ дәрежелі "Отан соғысының" орденімен, "Ерлігі үшін", "Мәскеуді қорғағаны үшін" медальдарымен және басқа да көптеген медальмен марапатталған.
"Қарт жауынгер бүгін жер қойнына тапсырылды. Алматы маңындағы Боралдай зиратында жатқан бәйбішесінің қасынан мәңгілік орын алды. Атаны соңғы сапарға шығарып салушылар арасында Ұлттық ұлан қолбасшылығы мен ардагерлері де болды. Панфиловшы Қайырлы ата Жонқабаевтың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Иманды болсын", - делінген Ұлттық ұлан хабарламасында.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!