- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Аттың механикалық мүсіні...
Аттың механикалық мүсіні жасалды (видео)
Өнер адам баласының мәдениетін, даралығын, жекелеген қасиетін танытады. Ол адамда туа да, жүре де қалыптасады. Бүгінгі кейіпкеріміз негізінен суретші. Алайда, қызығушылығының нәтижесінде өзін басқа қырынан танытты. Ол инженерлік қабілетінің арқасында (қосымша меңгерген) аттың механикалық мүсінін жасады.
Бруклиндік металмен сурет салатын Эдриан Лэндон бала кезінде LEGO құрастырғышымен ойнағанды жақсы көрген екен. Әкесі мал дәрігері және поло ойынының хас шебері болғандықтан ба, Эдриан аттарға да бір табан жақын болып өседі. Дәл осы бала кезіндегі қызығушылықтары бүгінгі күні оның жемісіне айналып отыр. Эдриан құрастырғыштық қабілеті мен атқа деген қызығушылығын үндестіріп, аттың механикалық мүсінін жасап шығарды.
Бұл жұмыс 2013 жылы басталған екен. Суретші жануардың болмысын тану үшін, алдымен, қозғалмайтын бірнеше аттың мүсінін жасаған. Өкінішке орай, Эдрианның инженерлік өнертабысы мардымсыз, кірісінен шығыны көп болған. Сол себепті, ол жобасын қайтадан бастаған. Алдымен, параққа болашақ мүсіннің сызбасын түсірген. Содан соң, аттың қалай қозғалатынын зерттеген, кейін көп тер төгуді қажет ететін 3D CAD қосымшасымен жұмыс істеуді үйренген.
Бірнеше сынақ жұмыстары мен қателіктердің нәтижесінде суретші шауып бара жатқан ат механизмінің сызбасын түсіреді. Мүсінді жасау барысында көптеген сәтсіз үлгілер қоқыс жәшігіне тасталды. Дегенмен, ақырғы нәтиже дәл Эдриан ойлағандай болады. Бұл – көп ізденудің нәтижесі, ерен еңбектің жемісі.
Мүсінді құрастыру кезінде жүздеген мойынтірек (машинаның қозғалмайтын бөлшегіндегі біліктің мойыны, подшипник), он метрлік роликті шынжыр мен жиырма үш иілмелі буын қолданылған. Бұның барлығы кішкентай ғана электрлі мотор арқылы қызмет атқарады.
Бәрін айт та, бірін айт. Өз көзіңіздеріңізбен көріп, әсерлеріңізбен бөлісе отырыңыздар.
Сурет: hi-news.ru
Е. Жұмабайұлы