- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Аттестация дауы: министрлік...
Аттестация дауы: министрлік өкілдері мәселені қалай түсіндірді?
Экс-министр Асхат Аймағамбетов педагогтердің аттестациядан өтуіне қатысты біраз өзгеріс енгізілгенін айтып еді. Алайда әлеуметтік желіде осы мәселеге қатысты дау туындап жатыр. Ұстаздардың сөзінше, зейнет жасына жақындаса да оларға аттестациядан өтуі керек екені айтылған. Оқу-ағарту министрлігі өкілдері Massaget.kz тілшісіне осы жағдайдың анық-қанығын түсіндірді.
Биыл қаңтарда Асхат Аймағамбетов оқу-ағарту министрі қызметінен босатылды. Ол әлеуметтік желіде қызметін қорытындылап, аттестация мәселесін де айтқан еді.
"Педагогтердің аттестациядан өту ережесіне өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, біліктілік санатын растағаннан кейін 30 және одан да көп жыл жұмыс істеген мұғалімдер ҰБТ-дан босатылады, зейнетке шығуға 4 жыл және одан аз уақыт қалған мұғалімдер қолданыстағы санатты ұзарта алады, ескі жүйе бойынша санаттары бар әріптестер де ҰБТ-сыз модераторға ауысу мүмкіндігіне ие болды", - деген еді Аймағамбетов Telegram-да жылды қорытындылап.
Алайда Facebook желісінде осы жайтқа қатысты ұстаздар арасында түсініспеушілік пайда болған. Алматы облыстық салалық кәсіподақтар ұйымының төрағасы Сұлтан Сүлеев те мұғалімдердің жанайқайын жеткізді.
"Зейнет жасына үш жыл қалды, оқу ісінің меңгерушісінен "портфолио дайындаңдар" деген де хат келді. Айналайын оқу ісінің меңгерушісі!!! Бұйрықта аттестациядан мүлде босатылады деп тұр. Демек, тест пен портфолио да, эссе де тапсырмайды. Қазіргі бар категориясының уақыты біткенде директор өзі бұйрық шығарып, зейнет жасына дейін созады. Апай тек категория куәлігі мен ББ бұйрығын көрсетсе болды", - делінген Желідегі жазбада.
Сұлтан Сүлеевке хабарласып, бұл мәселе қайдан шыққанын сұрадық.
"Бұйрықтың шыққанына көп бола қойған жоқ. Ол бұйрықты қалай орындау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Сондықтан әзірше осы мәселе белгісіз болып отыр. Ал бұйрыққа сәйкес "төрт жылдан аз уақыт қалғандар аттестация процедурасынан босатылады, тек ескі категориясын дәлелдесе болды" дейді. Дәлел ретінде ескі категорияның куәлігі мен тиісті органның шығарған бұйрығы деп қабылдау керек. Осы жерде тағы бір дау туғызатын мәселе бар. Зейнетке төрт жылдан кем уақыт қалса, бірақ мұғалімнің еңбек өтілі отыз жылға толмаса не болады? Меніңше, басты шарт зейнет жасына төрт жылдан кем қалды дегенді басшылыққа алу керек. Осы көтерілген мәселелер көктемгі аттестация уақытына дейін анықталар деп отырмыз", - дейді ол.
Алматы облыстық салалық кәсіподақтар ұйымының төрағасының айтуынша, екі түрлі пәннен сабақ берсе, жалпы еңбек өтілі есептелмейді екен. Бұл мәселе де мұғалімдерді алаңдатып отыр.
"Онан да сорақысы бар. Бейіні бойынша деген. Яғни мен алдыңғы 15 жылда математик болсам, кейінгі 15 жылда тарихшы болсам менің еңбек өтілім келмейді екен. Бір ұстаз хабарласты. Қазақ тілі мен орыс тілінен шебер мұғалім. 34 жыл еңбек өтілі бар. Бірақ еңбек өтілі бойынша жеңілдікке ілінбейді. Себебі екі пәнді де кезектесіп әр жылда жұмыс істеген. Ешқайысы да отыз жыл шықпайды. Абсурд деп ойлаймын. Әр ұстаздың жағдайы мен еңбек өтілі әртүрлі. Сұрақтары да түрлі. Сондықтан әрбір жағдайды жеке-жеке талдап барып шешім қабылдау керек", - дейді ол.
Massaget.kz-ке берген министрліктің ресми жауабында ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 (2022 жылғы 30 желтоқсандағы №533 өзгерістермен) бұйрығында педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары берілгені айтылған.
Ведомство мәліметінше, шынында да, 30 және одан да көп жыл жұмыс істеген мұғалімдер тест тапсырмайды.
"Осы бұйрықтың 124-тармағына сәйкес, 30 және одан да көп жыл бейіні бойынша педагогикалық өтілі бар педагогтер, сонымен бірге, ескі жүйе бойынша "бірінші", "жоғары" санаттары бар педагогтер "педагог-модератор" біліктілік санатына ауысқан кезде тест тапсырудан босатылады және қызмет нәтижелерін кешенді жинақтаудан өтеді", - делінген министрліктің ресми сауалға жауабында.
Сондай-ақ, зейнет жасына төрт жыл қалған мұғалімдер де рәсімнен босатылады.
"Бұйрықтың 50-тармағына сәйкес жасы бойынша зейнет жасына дейін төрт жылдан аспайтын педагогтер аттестаттау рәсімінен босатылады. Қолда бар біліктілік санаты оның берген өтініші негізінде зейнет жасына толғанға дейін сақталады. Зейнет жасы "Қазақстан Республикасында зейнеткерлік қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының заңында белгіленген. Зейнетке шыққаннан кейін педагогикалық қызметті жүзеге асыруды жалғастыратын педагогтер аттестаттау рәсімінен жалпы негіздерде өтеді", - делінген ведомство жауабында.
Ұстаздар арасында көтерілген тағы бір мәселе - еңбек өтілін есептеу алгоритмі. Министрлік мәліметінше, педагогтердің еңбек өтілі Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 14 маусымдағы "Бiлiм ұйымдары мен ғылыми ұйымдардың қызметкерлерiне мамандық бойынша жұмыс стажын есептеу ережесiн бекiту туралы" бұйрығына сәйкес есептеледі. Ал бұған дейін мұғалімдер көтерген екі түрлі пәннен берген кездегі еңбек өтілі жалпы есептеледі екен.
"Педагогтің дипломында берілген екі пәннен пән мұғалімі ретінде жұмыс істеген жылдары жалпы еңбек өтіліне есептеледі", - делінген ресми сауалға жауапта.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова