Премьер министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында су тасқыны кезінде көмекке келмеген кәсіпкерлер туралы айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бозымбаевтың сөзінше, қиын сәтте "қазір жоқ, кейінірек қарастырамыз" деген кәсіпкерлер болған.
"Бірақ ондай адамдар көп емес. Аттарын атап, ренжіткім келмейді. Ол әр адамның жеке таңдауы ғой. Оның кім екенін адамдар өзі анықтап алар. Ал тапсырысқа жауапкершілікпен қараған – "Верный Капитал" компаниялар тобы. Олар салған үйлер тұрғындардың көңілінен шықты", – дейді Бозымбаев.
Сонымен қатар Қанат Бозымбаев кәсіпкер Нұрлан Смағұловты атап өтті.
"Су тасқыны кезінде ол елде болмады. Мен хабарласқанымда, "Қанат, қанша ақша керек болса, сонша бөлемін" деді. Оны БҚО-ға бекіттік. Маған бірнеше рет хабарласып, "Өзім ыңғайсызданып жүрмін, журналистерге "көмектесемін" деп айтып қойдым. Неге көмектеспей отырмын. Маған бір тапсырма беріңіздерші" деді. Одан бөлек, еріктілер көп еңбек етті. Мысалы, БҚО-да шалғайда тұрған ауылға бардым. Ұшақпен бірнеше жігіт әкіммен ере келіпті. Олар дамбалар қалай салынып жатқанын тексеріп жүрді. Қарадомалақ жігіттерді байқап қалдым, қайдан келгендерін сұрасам, Шымкенттен көмектесуге келгенін айтты", – дейді премьер-министрдің орынбасары.
Сонымен қатар су тасқынының салдарын жою кезінде екі әйел асхана ұйымдастырып, ол жерде қазан қойып, тамақ дайындаған.
"Қандай көмек керегін сұрап едік "Бізде бәрі бар, тамақтанып алып, жұмыс істеңіздер" деді. Міне, біздің халқымыз осындай. Бәрі қарапайым халықтың арқасында бітті. Қарапайым халық қатты сыйлайтын ауыл әкімдерін де көрдім.
Халықтың бірлігінің арқасында табиғи апатты жеңдік. Әрине, ол үшін Мемлекет басшысының тарапынан саяси еркіндік те қажет болды. Ол бірігіп жұмыс істесек табысқа жететінімізді түсінді", – дейді Қанат Бозымбаев.
Еске салайық, биыл 27 наурыз бен 4 маусым аралығында Қазақстанның 10 облысын су басып, төтенше жағдай жарияланды. Бұл елдегі су тасқыны көлемі жағынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат.
Бастапқыда ТЖМ және әкімдіктердің күшімен шамамен 60 мың текше метр еріген су сорылды, үш мыңнан астам қап төселді. Апаттық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, жергілікті атқарушы органдардың, ІІМ, тартылған ұйымдардың күштері мен құралдары: жеке құрамынан шамамен 2500 адам, 700-ге жуық бірлік техника, 290-нан астам бірлік су айдау және жүзу құралдары жұмылдырылды.
Тұрғындар эвакуацияланып, арнайы орындарды паналауға тура келді. Қазіргі таңда су тасқынынан зардап шеккен көптеген тұрғын жаңа баспаналарға кірді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!