Светлана Бочкова бірнеше айдан бері ұлы Анатолий Бочковты іздеп жүр. Ол баласын жұмысқа жіберер алдында соңғы рет көрген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Анатолий Абай облысындағы шаруа қожалығына малшы болып жұмысқа орналасқан. Ал 2023 жылғы 19 наурызда ол соңғы рет туыстарына қоңырау шалыпты.
"Ұлым Абралы ауданындағы шаруа қожалығына жұмысқа кетті. 19 наурызда қатты боран болды. Кешке ұлым қоңырау шалып, аттан құлағанын, таудың бойымен белгісіз бағытта келе жатқанын айтты. Ол қатты қорқып кеткен еді. Мен шаруа қожалығының басшысына қоңырау шалып, не болғанын айтып, іздеуге көмек сұрадым. Кейінірек полицияға қоңырау шалдық", - деді Светлана Бочкова.
Туыстары оның бір шаруа қожалығында құлдықта болуы мүмкін деп қорқады. Сонымен қатар, оның орналасқан жері туралы ақпарат білетіндерден WhatsApp-қа хабарлауды сұрайды.
Облыстық Полиция департаменті өкілі осы іс туралы айтты.
"19 наурызда сағат 23:54-те 102-ге жоғалған адамның қарындасы 1994 жылы туған ағасы Анатолий Бочковты іздеуге көмек сұрады. Ол 19 наурызда сағат 16:00-де нөмірінен қоңырау шалып, жылқыдан құлап, жайылымда адасып кеткенін хабарлаған. Әрі қарай оның телефоны байланыс аясынан тыс жерде болды. Іздестіру кезінде Анатолий Бочков малшы болып жұмыс істейтін Абралы ауылындағы шаруа қожалығында тұратын адамдардан жауап алынды", - делінген полиция хабарламасында.
Полицейлердің айтуынша, жергілікті тұрғындар учаскелік инспектор көмегімен 19 наурызда жоғалған адамды іздеу үшін екі УАЗ көлігімен кеткен. Олар ер адамды түнге дейін іздепті, бірақ нәтиже болмаған. Келесі күні іздеу жалғасқан, бірақ ол нәтиже бермепті.
Абай облысының Полиция департаменті өкілі хабар-ошарсыз кеткен Анатолий Бочковтың орналасқан жерін анықтау бойынша іздестіру жұмыстары жалғасып жатқанын нақтылады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз