Атом энергиясы ХХ ғасырдың ең атышулы жаңалықтарының бірі болды. Qazaq Buble YouTube-каналы Чернобыль станциясындағы пілдің аяғы, сондай-ақ Франция президенті Макрон Қазақстанға қандай "Георгты" іздеп келгенін, АЭС идеясын жақтайтындардың айтар уәжін және оның шынайы қауіптерін талқылап көрді.
Ядролық энергия – ол нейтрондар ядроға атқылап, атомдар ыдырағанда бөлінетін өте күшті энергия түрі.
Ол энергия суды қайнатады, қайнаған су бу шығарады, ал бу диірмен сияқты турбинаны айналдырады. Турбина айналғанда, электр қуаты пайда болады.
Былтыр Франция президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға іс-сапармен келген еді.
"Оның ең негізгі мақсаты не болғанын бәріміз де білеміз. Оны көбі Макронның шарасыздан, Африкадағы бұрынғы бодандарымен қарым-қатынасы күрделене түскендіктен, өзіне қатты қажет уран немесе оның басқаша атауы – Георг элементін Қазақстаннан іздеп келгендігі деп түсінді. Бұл бір жағынан жалпы атом энергиясының маңызын әйгілеп берсе, енді бір жағынан нақты уранның маңызын айғақтап тұр", – дейді жоба авторы Бейбарыс Сейтақ.
Ол периодтық кестедегі 92-элемент. АЭС пен бомбалардың отынының негізгі құрамдас бөлігі. 1899 жылы Мария Склодовская-Кюри радиоактивтілік не екенін ашпайынша, уран керамиканы не әйнекті сары, жасыл түске бояу үшін емін-еркін қолданылатын. Бір-ақ келі уран бере алатын энергия мөлшері 1,5 миллион көмір бөлетін энергиямен барабар. Бірақ уран деген тек жатқан элемент емес, оның да қырсығы бар. Жер бетіндегі уранның уран-235 деген изотопы ғана, яғни 0,7%-ы ғана ядролық реакторларда қолдануға жарамды.
Ғалымдардың айтуынша, уран тек жерде емес, Айда, Марста да бар. Келешек ғарыш сапарларында уран тіпті маңызды рөл атқармақ. Қазақстан – бүкіл әлем бойынша уран өндірісінен ең алда келе жатқан мемлекет. Әлемде өндіріліп жатқан уранның 40%-ы біздің уран. Алғашқы бестікте Қазақстаннан кейін тұрған елдер – Канада, Намибия, Аустралия және Өзбекстан.
Видеоның толық нұсқасын Qazaq Buble YouTube-каналынан көруге болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!