Атбасардағы азаптау ісі: алқабилер үкімінің күші жойылды

Атбасардағы азаптау ісі: алқабилер үкімінің күші жойылды
Фото: Видео кадры

Ақмола облыстық сотында Атбасар ауданының Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің 12 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімінің күші жойылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ҚАЖК қызметкерлері Атбасар қаласының түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталған адамдарға рұқсат етілмеген әдістерді қолданды деп айыпталған болатын (ҚК-нің 146-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша, яғни азаптау).

"Бұған дейін алқабилер алқасының шешімімен ҚАЖК қызметкерлері кінәсіз деп танылды", - деп жазылған хабарламада.

Енді үкімнің күшін жоюға бірінші сатыдағы сот тарапынан жіберілген процестік қателер негіз болған:

  • Алқабилердің қатысуымен талқыланбайтын мәселелер зерттелген. Бұл олардың жәбірленушілерге қатысты дұрыс емес пікірін тудыруға ықпал ету мүмкін.
  • Сонымен қатар, бірқатар жәбірленушіге жарыссөздерде сөз сөйлеу мүмкіндігі қамтамасыз етілмеген.

"Бұл іс қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына басқа құраммен жаңадан қарауға жолданды", - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, сотталғандар соққыға жығылғаны туралы видеолар әлеуметтік желілерде 2023 жылы қыркүйекте тараған болатын.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget