- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атбасарда тұтас шағынаудан...
Атбасарда тұтас шағынаудан Рамазан айын жылусыз қарсы алды
Атбасар қаласының Атбасар-2 шағынауданы Наурыз мейрамы мен Рамазан айының алғашқы күндерін жылусыз қарсы алуға мәжбүр болды. Бірнеше күн қатарынан жылусыз қалған тұрғындар мұндай жағдайдың жиі қайталанатынын айтады. Бірақ жергілікті құзырлы органдар тарапынан еш әрекет болмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл шағынауданда шамамен мыңға жуық адам түтін түтетеді. "Атбасар Су" коммуналдық кәсіпорны қызмет көрсететін тұрғын үйлерге жылу бөлетін кәсіпорында осы аудандағы орта мектеп те қосылған. Тұрғындардың айтуынша, бұл мектеп арқылы тұрғын үйлерге тарайтын жылу балалар демалысқа шыққан сайын немесе мереке күндері берілмейді. Тіпті қыс бойы жылу жөнді болмаған. Халық коммуналдық кәсіпорынға шағымданған, ал олар бар кінәні тұрғындардың өздеріне артатынын айтады. Салдарынан тұрғындар үйлерінде бала-шағасының қатты тоңып, жылытқышты үзіліссіз қосуға мәжбүр болған.
"Міне, үш күннен бері жылусыз отырмыз. Үйіміз қатты суып кетті. Мектепте демалыс басталған күннен кейін бірден жылусыз қалдық. "Атбасар Су" коммуналдық кәсіпорны балалар мектептен демалысқа шыққанда ылғи осылай етеді. Тіпті үшінші қыс осы үйде үнемі салқын болып тұрады. Біресе біздің көп мөлшерде қарыз екенімізді, біресе үйдің өзінде жылу жүйелерінің дұрыс болмағанын айтып сылтауратады. Бірақ біз жылу жүйелерін сантехник маманын шақыртып түгелдей тексертіп, тіпті жертөлеге дейін барлығын дұрыстадық. Балаларымыз бүрсеңдеп қатты тоңып қалды. Алғашқы күні жылу қазандығында бір ақаулар болған сияқты. Екі күн бойы телефондарына хабарласып еш жауап ала алмадық. Одан кейін екі күн бойы жөндеумен әлек болды. Бүгін таңертең батареямыз сәл жылынғандай болды. Бірақ жоғарғы 5 қабаттағылар әлі де жылусыз отыр. Үйіміздің іші үнемі дымқыл тартып тұрады. Шағымданғаннан кейін әкім келген кезде жылу қатты беріліп, батарея қол тигізбейді. Ал келесі күні тағы сол баяғыша таз қалпымызға түсеміз", - дейді Атбасар-2 шағынауданының тұрғыны Мензиля Хайруллина.
Ал "Атбасар Су" өкілдері жұмыс штаттық режимде жүретінін айтты.
"Жылу қазандығы штаттық режимде жұмыс істеп тұр", - деді "Атбасар Су" коммуналдық кәсіпорны өкілі.
Абзал Алпысбайұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы