- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Атбасарда бұралқы иттер...
Атбасарда бұралқы иттер қойға шапты
Бұралқы иттер Атбасар қаласында қала тұрғынының жеті бірдей қойы мен қозыларын жайратып кетті. Зардап шеккен жетпіс жастағы ақсақал полиция мен ит аулаушыларға хабарласқанымен еш нәтиже болмаған. Мал иесі күні-түні қорасының түбінде қойларын күзетіп жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сұлтан Акуев қаңғыбас иттердің шабуылынан әбден қалжырағанын айтады. Алғашында осыдан үш күн бұрын кешкі алтылар шамасында оның үш бірдей қозысы мен аналық қойын, тағы бір қозысын қас пен көздің арасында бұралқы иттер жарып кеткен. Жылы-жұмсақ етке дәндеген иттер келесі күні тағы шабуылдап екі қозы мен бір аналықты жайратқан. Алайда ақсақал полиция мен тиісті органдарға хабарлағанымен еш нәтижесі болмаған. Малының асылтұқымды екенін жеткізген Сұлтан Акуевтың айтуынша, кемінде 500 мың теңгеден аса шығынға батқан.
"Қаңғыбас иттер осыдан үш күн бұрын бағып-қағып отырған қойымды қырып кетті. Кешкі алтылар шамасы болатын. Қызыма малға жемшөп беруін өтіндім. Сыртқа шыққан қызым қойға ит шапқанын, бірнешеуі теңкейіп жатқанын айтып келді. Расында да, иттер алғашқы күні бір саулық пен үш қозыны, келесі күні тағы бір аналық саулық пен екі қозыны қырып кетті. Қойларым - "Гиссар" аталатын асылтұқымды мал. Құйрықты "Еділбай" тұқымы да бар. Ересектерін 100 мың теңгеден кем сатпаймын. Қозы-тоқтылары 70-80 мың теңге тұрады. Ит аулаушы болып әкімдіктің тендерін жеңіп алған ЖК "Крамаль" мен учаскелік полиция инспекторын шақырттым. Полиция ит аулаушылар ата берсін дейді. Ит аулаушылар полициясыз ештеңе істей алмайтынын айтады. Өздерінде еш қаруы жоқ. Маған өлекселерді сойып етін дәрілеп қойыңыз дейді. Жетпіске келген мен оны қалай істемекпін. Қолдарым ауырады. Қазір күні-түні қораның түбінде отырып қойымды күзетуге мәжбүрмін. Үйге намаз оқуға ғана кіріп, міне, қайта шығып барамын", - дейді Атбасар қаласының тұрғыны Сұлтан Акуев.
Бұл оқиға бойынша Ақмола облыстық полиция департаментінен түсініктеме беруін сұрадық. Полиция иттердің иесі болмаса еш әрекет жасай алмайтынын жеткізді.
"Ішкі істер органдарымен өңірдің қалалары мен елді мекендерінде үй жануарларын ұстау және серуендету ережелерін бұзған иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Аталған ережелер Ақмола облысы ветеринария басқармасымен жасалып, Ақмола облыстық мәслихатының шешімімен бекітілген. Аталған факт бойынша қойға шапқан қаңғыбас иттер болғандықтан иесін табу мүмкін емес. Бұралқы иттерді аулаумен Атбасар ауданында ЖК "Крамальмен" жүзеге асырылады", -дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.
Атбасар ауданы әкімдігі бұралқы иттерді аулауға бөлінген тендерді жеке кәсіпкер Александр Крамаль жеңіп алған. Бірақ Сұлтан ақсақалдың иттерін жайратып кеткен иттерді ит аулаушылар да аулай алмай жүргендерін ашық жеткізді.
"Сұлтан Акуев ақсақал осыдан үш күн бұрын қойларын иттер жайратқан сәтте-ақ бірден хабарласып, дереу сол күні кешкісін үйіне келдік. Бұралқы иттердің шығып бара жатқанын байқап қалдық. Бірақ бізді көріп бірден қашып кетті. Сол күні қаланы шарлап іздеп таппадық. Келесі күні ақсақалдың тағы бес қойы мен қозысын жарып кетті. Бір иттің иесін тауып суретін көрсеттік. Топталған иттер бізді көрсе қашып кетеді. Біреуін әзер дегенде ұстап алдық. Иттерге атуға заңмен тыйым салынуы қолымызды жіпсіз байлап отыр. Аулап ұстау оңайға соқпайды. Иттердің соңынан қуып күніміз өтеді. Бүгінгі күнге дейін 90 итті ауладық. Қазір уақытша ұстау орнында тұр. Тиісті вакциналау, стерильдеу шараларын жүргізбекпіз. Әкімдіктен иттерді аулауға бөлінген қаражаты өте аз. Жылына 258 ит аулауға тиістіміз. Бірақ бұл Атбасар ауданындағы бұралқы иттердің санына шаққанда теңіздегі тамшыдай ғана. Мәселе егер иттерді атуға рұқсат берілсе оңынан шешілер еді", - дейді жеке кәсіпкер Александр Крамаль.
Бұралқы иттер жайратып кеткен жарты миллион теңгенің қойларын ешкім қайтарып бермейтіні түсінікті. Тендерді жеңіп алған жеке кәсіпкерлік иесі иттерді қуып қашан ұстайтыны белгісіз. Ал Сұлтан Акуев қорасының түбінде бұралқы иттерді аңдумен күні өтіп жатыр...
Абзал Алпысбайұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы