Атбасар аудандық көпбейінді ауруханасының дәрігерлері аң аулау кезінде абайсызда оқ тиген ер адамның өмірін сақтап қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қыркүйектің 2-сінде Атбасар аудандық көпбейінді ауруханасына мойын, кеуденің оң жақ тұсына оқ тиген 39 жастағы ер адам түсті. Науқастың сөзінше, Есіл өзенінің маңында балық аулап жүрген оған белгісіз біреу оқ атқан.
"Дәрігерлік тексеріс кезінде ер адамның мойын тұсынан, оң жақтағы супраклавикулярлық аймаққа оқ тигені анықталды. Науқасқа дәрігер хирург Виктор Козеев ота жасады", - деді ведомство өкілі.
Атбасар аудандық көпбейіңді ауруханасының бас дәрігері Зарыққан Шаубаевтың айтуынша, бүгінгі таңда науқастың жағдайы тұрақты. Ер адам травматология бөліміне жатызылды.
"Зардап шегушіні Атбасар қаласының 1990 жылғы тұрғыны аң аулап жүргенде абайсызда атып жіберген. Бұл дерек Қылмыстық кодекстің 114-бабының 3-бөлігі абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруі бойынша соталды тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Бұдан бөлек, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 482-бабы "Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз сатып алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруі, тасымалдауы" бойынша әкімшілік хаттама толтырылды", - делінген Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметі жіберген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!