Атбасар ауданының Мариновка селосында ірі қара малдан жаппай бруцеллез тіркеліп, малды сатуға шектеу шаралары жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінге дейін 24 бас ірі қара малдан бруцеллез тіркеліп үлгерген. Мал иелеріне малдың көзін жоюға нұсқау берілген.
"Атбасар ауданының бас мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспекторының ұсынысы негізінде Атбасар ауданының Мариновка селолық округы аумағында ірі қара малдан жаппай бруцеллез тарауына байланысты шектеу шаралары бекітілді. Бүгінге дейін 24 бас қара малдан бруцеллез тіркелді", - дейді Атбасар ауданы әкімдігінен.
Өткен жылы дәл осы ауылдық округ аумағындағы Бейіс ауылында да ірі қара малдан бруцеллез анықталуына байланысты карантин шаралары жүргізілген еді.
Санитарлық қызмет мәліметтері бойынша ауру малға күтім жасаған адамдарға малдың сүт өнімдерін сондай-ақ ет, терісін, жүнін өңдеген жағдайда бруцеллез жұғады. Бірақ ауру адамнан адамға таралмайды. Ветеринарлық шаралар негізінде ауру малды оқшаулау, инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында карантин өткізу шаралары жүргізілмек.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!