Атбасар ауданында 30 жылқы мұз құрсауында қалып арам өлді

Атбасар ауданына қарасты Бастау ауылында жүзге жуық жылқы Есіл өзенінің бойында мұз құрсауында қамалып қалып қойған. Төтенше жағдайлар қызметкерлері келіп жылқының бір бөлігін жағаға шығарғанымен 30 жылқыны құтқару мүмкін болмады. Қалың мұздан шыға алмаған жылқылар суда мұзбен бірге қатып қалған. Өлекселерді шығару әзірге мүмкін болмай отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Төтенше жағдай қызметінің мәліметінше суыт оқиға 15 сәуір болған. Жылқылар өзен жағасындағы су басқан шалғында жүріп мұз құрсауынан өз беттерімен шыға алмай қалған. Кейін белгілі болғанындай бақташылар ауа райы бұзылып боран соққан кезде жылқыдан көз жазып қалған. Оқиға орнына жергілікті атқарушы органдар мен бірге төтенше жағдай қызметкерлерінің арнайы техникалары мен күш-құрылымдары аттанған.
Құтқарушылар қайықпен мұзды жарып өтіп жүзге тарта жылқының басын бері қайырып жағаға қарай алып шыққан. Алайда, 30 жылқы суда қалып қойған.
Атбасар ауданы әкімдігінің мәліметінше бұл Бастау ауылы тұрғындарының жекеменшік жылқылары болған. Ауыл тұрғындары жылқысын бақташыға бағуға берген. Бірақ ауа райы күрт бұзылып боран соққан кезде бақташылар жылқыдан айырылып қалған.

"Төтенше жағдай қызметі, жергілікті атқарушы органдар, полиция және прокуратура органдары оқиға орнына дереу келіп, құтқару шараларын ұйымдастырды. Жүзге жуық жылқыны мұзды жарып құтқарып алғанымен, 30 жылқы суда қатып қалғаны анықталды. Бақташылардың мал бағудағы салдыр-салақтығынан жылқылар суға кеткені анық. Тұрғындар істі құқық қорғау органдарына берсе мәселе сот тәртібімен шешілуі мүмкін", - дейді Атбасар ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Михайл Майер.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жалғастыруда.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!