- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Атаулы датаға айналса...
“Атаулы датаға айналса екен“. Журналист тазы күнін енгізуді ұсынды
Журналист Оңғар Қабден әлеуметтік желідегі парақшасында тазы күнін енгізіп, брендке айналдыру туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, тазы күнін енгізу - орынды бастама.
"Жақында БАҚ-та бір жаңалықты көзім шалып қалды. Қазақстанда тазы күнін енгізу туралы ұсыныс тасталыпты, иә, кәдімгі қазақтың құмай тазысы. Саятшылар қарашаның алғашқы жексенбісін "тазы күні" деп ресми бекітуді ұсынған екен. Өте орынды бастама деп санаймын. Елімізде әрбір мерекенің өзіндік атауы бар. Мысалы, білім күні, домбыра күні деген сияқты, сол сияқты тазы күні де бір атаулы датаға айналса, жақсы бастама деп ойлаймын. Ежелден жеті қазынаның бірі саналған құмай тазының қазақтар үшін маңызы зор болатын. Тазыны қазақы брендке айналдырсақ, бұл да ел имиджі үшін оң ықпал ететін жайт болар еді. Тазы баптаушылардың сөзіне сенсек, қазірдің өзінде АҚШ, Канада, Түркия сияқты алпауыт елдерден құмай тазыға деген сұраныс артып келеді", - деді ол.
Сондай-ақ, журналист Корея президенті мен оның жұбайының қазақ тазысына ерекше ілтипат көрсеткеніне сүйсінгенін де атап өтті.
"Елімізге күні кеше келген Корея президенті мен оның жұбайы да қазақ тазысына ерекше ілтипат көрсетіп жатыр екен. Суреттерін көріп, бір сүйсініп қалдым. Әрине, корейлер мен иттер туралы стереотипті әзілдерсіз болмады енді. Әлеуметтік желі шулап-ақ жатыр. Жә, әзіл әзілімен, десе де қарап тұрсақ, тазы – ұялмай көрсетуге болатын, бренд ретінде ұсына алатын қазынамыз. Жайдан жай жеті қазынаның бірі болып тұрған жоқ қой. Қазақ тазыны ерекше қастерлеген. "Еттің бәрі қазы емес, иттің бәрі тазы емес" деп, тазыны басқа үй жануарларынан ерек көріп, жанына жақын ұстаған. Тарихта, тіпті, қыздың қалыңына тазы сұраған. Халық сөзіне сенсек, ашаршылық кезінде бір тазы бүтін бір ауылды аштықтан аман алып қалған деген аңыздарды да естіп жатамыз. Сондықтан да болар, қазақ тазысын ерекше қастерлеген. Сонымен, сөзімнің түйіні – тазыны баптап, өсіру тек тарихымызбен байланыстыратын көпір ғана емес, қазақты әлемге әйгілеуге қауқарлы брендтік шара. Осыны бір жолға қойып, жақсылап жұмыс істесек, бірер жылда қазақтың тазысы арабтың сәйгілігін басып озар күнге жетеміз деп ойлаймын", - деп жазды ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы