Жамбыл облысында құтқарушылар Талас өзенінде атасымен бірге суға батып кеткен 7 жасар қыздың денесін тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Қайғылы оқиға Жамбыл облысында 23 шілдеде болған. Талас өзеніне атасымен шомылуға барған 7 жасар қыз батып кеткен. Ал қыздың атасы - 61 жастағы ер адам Жасөркен ауылының маңынан өлі табылған. Баланы іздестірумен 74 құтқарушы және жүзден аса ерікті, сондай-ақ, жергілікті тұрғындар айналысқан.
"Сағат 18:10-да суға батып кеткен қыз СЭС аумағынан табылды", - деді облыстық ТЖД өкілі.
Еске салайық, 23 шілдеде сағат 17:30-да Жамбыл облысы Жасөркен ауылының кіреберісі, Талас өзенінде оқиға куәгерлері 1961 жылы туған ер адамның мәйітін тауып алып, судан шығарған болатын. Сонымен қатар, атасымен суға шомылуға келген 2015 жылғы қызды іздеу жұмыстары басталған еді. Құтқарушылар баланы қараңғы түскенше іздеп, келесі күні таңғы сағат 5:30-да іздеуді жалғастырған болатын.