Қостанай облысында Тобыл өзеніндегі іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
14 маусымда Алтын Дала ауылы маңындағы Тобыл өзенінде шомылуға тыйым салынған жерде екі адам суға кеткен. Олардың бірі - 2020 жылы туған бала.
"Алдын ала мәлімет бойынша отбасы өзен жағасында демалып отырған кезде бала су жиегінде ойнап жүріп, қатты ағысқа түсіп кеткен. Оқиғаны көрген атасы немересін құтқаруға ұмтылғанымен, қатты ағыс екеуін де алып кеткен", - деп жазылған өңірдің ТЖД хабарламасында.
16 маусымда іздестіру-құтқару жұмыстары барысында Қостанай облысы ТЖД жедел құтқару жасағының қызметкерлері 2020 жылы туған баланың сүйегін судан шығарған. Сондай-ақ, еріктілер 1967 жылы туған ер адамды өзен ағысымен шамамен 5 шақырым төмен жерден тапқан.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері, полиция қызметкерлері, жедел медициналық жәрдем бригадасы, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, "10 регион", "Барс","Дос" атты еріктілер тобы, жергілікті тұрғындар көмектескен.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова