- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Атажұрттан жер бұйырмады"....
"Атажұрттан жер бұйырмады". Алматы облысында шаруалар жайылымға жарымай отыр
Алматы облысының Тескенсу ауылындағы мал баққан шаруалар жайылымға жарымай отыр. Ал халық қолданысына берілген жазыққа жұрттың төрт түлігі сыймайды, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тескенсу ауылындағы халық ауыл шаруашылығымен айналысады. Олар күнкөріс күніне айналған шаруаны дамытып, мал басын көбейткісі келгенмен, жер жетпейді. Себебі ауыл төңірегіндегі жазықтың көп бөлігін кезінде кәсіпкерлер алып алған.
"8,5 мың тұрғыны бар ауылда 6 мың бас қой, 2700 бастай ірі мүйізді қара, 1500 бастай жылқы тіркелген. Жер жоқ, қайда жаямыз? Әркімге жалынамыз. Жерді алып алған латифундистерге төрт түлікті жаю үшін қой, жылқы беріп, күн көріп жүрміз", - деді Тескенсу ауылының тұрғыны Асқар Сейсенқұлов.
Ал тағы бір тұрғын малды егін орылған жерге жаятынын айтты.
"5-10 күннен кейін бұл жерге де өте алмаймыз. Халықтың малын қайда апарамын?! Былтыр маған "Бұл жерге өтуге болмайды. Жекеменшік жер. Бұл кісілердің беретін өз адамы бар. Тиіс адамға хабарласамын. Көзіңді құртып жібереді" деген кездер де болды. Қорқып та қалдым", - деді малшы Абай Қасқаров.
Жергілікті әкімдік өкілінің айтуынша, ауыл маңындағы 1000 гектардан аса аумақты 2000 жылдың басында 3 компания ауданның жер қорынан 49 жылға жалға алған. Екі кәсіпкер жазыққа жүгері егіп, егістік мақсатында әлі де пайдаланып жүрген.
"Агроюнион" ЖШС 250 гектар жер телімін алған. Оның нысаналы мақсаты - жайылым. Қазір облыстық жер басқармасына жіберілді. Жер инспекциясы "жерді қайтару" бойынша сотқа беру жұмысын жүргізіп жатыр", - деді Тескенсу ауылдық округі әкімінің орынбасары Еламан Елубай.
Ал прокуратура мәліметінше, облыс бойынша пайдаланылмай жатқан 2 миллион гектарға жуық жер анықталған. Бүгінде соның 114 мыңы қайтарылған. 1,5 мың гектардай жер телімі Тескенсу ауылдық округінің қоғамдық жайылымы ретінде рәсімделген. Алайда елді мекеннің өзіндегі жұрт берілген жазық ауылдан алыс жатқанын айтады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек