- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ата-енесімен, жұбайымен тұрған"...
"Ата-енесімен, жұбайымен тұрған" – Түркістанда екі баласын өлтірген қызылордалық әйелдің әріптестері
Түркістанда екі баласын өлтірген әйел ешқандай диспансерлік есепте тұрмаған. Ұжым, ата-ана және оқушылармен қарым-қатынасы бірқалыпты болған көрінеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "ҚазАқпарат" агенттігіне сілтеме жасап.
Мұны Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов айтты.
Оның сөзінше, балаларын өлтірді деген күдікті тәрбиеші емес, мұғалім болып жұмыс істеген екен.
"Түркістанда болған балалар өліміне қатысты күдікті деп танылған әйел Шиелі ауданындағы білім беру ұйымында 2014 жылдан бері мұғалім қызметін атқарып келген. Оқиға болған 7 ақпан күні мектеп әкімшілігіне ескертпестен жұмысқа бармаған. Мектеп әкімшілігі ол азаматшаның ұжым, ата-аналар және оқушылармен тіл табысуы, жайлы мінезімен ерекшеленгенін айтады. Сондай-ақ педагогикалық қызметінде балаларды оқыту мен тәрбиелеуде бірқатар жетістікке жеткен. Тиісті алғыс хаттармен марапатталған. Әріптестерінің айтуынша, мінезінде ешқандай ауытқу болмаған. Қандай да бір диспансерлік есепте тұрмайды. Өзі толыққанды отбасы, ата-енесі, жұбайымен бірге тұрған. Қазір ішкі істер органдарында бұл бойынша қылмыстық іс тіркелген. Қорытындысы тергеу амалдарынан кейін белгілі болады", - деді басқарма басшысы.
Еске салайық, 7 ақпанда Түркістандағы пәтерлердің бірінен екі кішкентай бала өлі табылғаны хабарланды.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өлімнің себебін анықтау үшін балалардың денесі сараптамаға жіберілді.
Кейінірек балаларды өлтірді деген күдікті өз анасы деген деректер шықты, ол Шымкенттегі қонақүйден ұсталды.
Ол балаларын өз туған күнінде өлтіргені де хабарланды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан