Атырау облысы Жангелдин ауылында қаза тапқан отбасының кенже қызы Ақбаян Мұқанғалиева қанды оқиғадан кейін сұхбат берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, ұзақ уақыт шипа іздеген ол қазір өмірге қайта бейімделіп келеді. Бес бүлдіршіні балалар үйінде, ал өзі туыстарының қамқорлығында.
Арна дерегінше, Ақбаянның қазіргі күйі туыстарының үмітін оятқан. Бұрын көп уақытын ұйқымен өткізсе, қазір айналасына назар аударып, адамдармен сөйлесе бастаған. Тіпті соңғы кездері туған ауылын, ата-анасы мен бауырларын жиі сұрайтын болған. Әкесімен бір туған әпкесі оны қоғамға бейімдеу үшін барын салып жүр. Алайда туыстары "Ақбаянның ата-анасы мен бауырларын іздеген әрбір сұрағы жанымызға батады" дейді.
"Қайда, ауылда ма?" деп сұрайды. Ауылға біржола барғысы келеді. Бауырларын сұрағанда, "Түркияда" деген ғой. "Қой, Шалқар айтты ғой, ауылда деп айтты ғой, апарамын деп айтты ғой" дейді. Әлі дайын емес деген, сондықтан айтпай жүрміз. Айтқан жағдайдың өзінде қандай күйде болады, қайтып ауыртып аламыз ба деген сияқты ой ғой енді", - деді Ақбаянның әпкесі Әсила Мұқанғалиева.
Дәрігерлер Ақбаянның нақты диагнозын айтпаған. Өзінің сөзінше, бесінші баласына босанғаннан кейін сыртқаттанып, ота жасатып, содан тұрғанда "көп жайтты ұмытқан". Дегенмен әр баласының аты мен туған жылын жатқа біледі. Балаларына апта сайын барып тұратынын, оларды өз бауырына алғысы келетінін айтады.
"Кішкентайы жылайды, "алып кетші" дейді. Үлкендері түсінеді. Психологқа барып жүрмін. Таңертең, аптасына екі рет. Басқа ешқайда қаралып жатқан жоқпын", - дейді Ақбаян Мұқанғалиева.
Туыстарының айтуынша, ол бұрынғы өмірін біледі, ағайындарын таниды. Алайда бесінші баласын дүниеге әкелгеннен кейінгі кезең жадынан өшкен. Әлі де ұмытшақтық бар. Соған қарамастан кейінгі уақытта оң өзгеріс байқалған. Ендігі мақсат - оңалуды тоқтатпай, Ақбаянды білікті мамандарға қарату.
"Ақбаянның өмірге деген құлшынысы жоғалған. Сол құлшынысты басынан қайта ояту керек. Біздің алдағы үмітіміз - бес баласын алып, өзі бақытты өмір сүрсе деген ниет. Нәтижесін, аяқтан тұрып келе жатқанын көргеннен кейін осы тоқтап қалмасын, әрі қарай дами берсін дейміз. Бәлкім Атырауда кейбір қаралмаған нәрсені Алматы, Астанаға шығып, сол жақтағы мықты дәрігерлерге қаратамыз ба деген ойымыз бар", - дейді Ақбаянның ағасы Шалқар Мұқанғалиев.
Айта кетейік, Ақбаян Мұқанғалиева - Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылындағы жантүршігерлік қылмыстың құрбаны болған отбасының кенже қызы. Бір әулеттің төрт адамын аяусыз қырып салған Сұлтан Сәрсемәлиевтің бұрынғы әйелі. Олардың бес баласы бар. Қазір барлығы балалар үйінде. Ал Ақбаян Мұқанғалиева Индонезиядан елге жеткізілгеннен кейін жүйке аурулар ауруханасына жатқызылған еді. Ол денсаулығына байланысты сот процесіне де қатыса алмады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!