- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ата-анасы емдеуге кедергі...
"Ата-анасы емдеуге кедергі келтірген": Алматы облысында 8 жастағы бала ВИЧ-тен қайтыс болды
Алматы облысында бала АИТВ инфекциясынан қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Massaget.kz тілшісі осы жағдайға байланысты Алматы облыстық ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығынан ресми жауап сұрады.
Орталық мәліметінше, 2014 жылы туған бала мен оның ата-анасы АИТВ инфекциясымен 2016 жылдан бері ЖИТС орталығында есепте тұрған. Ал бұл отбасындағы 2018 жылы туған қызда 2019 жылы АИТВ инфекциясы анықталған.
"Баланың ата-анасы өздерінде АИТВ инфекциясы барын жоққа шығарып, дәрі-дәрмек қабылдаған жоқ. ЖИТС орталығының дәрігерлерінің балаларды динамикалық бақылауына және емдеуіне кедергі келтірді. Дәрігерлер Қарасай ауданының прокуратурасына, ювеналдық полицияға және білім бөліміне осы жағдай бойынша хабарлады. Екі баланы 3-6 айға отбасынан алып, дәрі тағайындау үшін 2023 жылғы қарашада айтылған органдар мен дәрігерлермен аудан әкімдігі жанынан кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия құрылды. Алайда ата-аналардың үзілді-кесілді бас тартуынан және олардың диагноз туралы "дәрігерлік құпияны жария еткені үшін сотқа береміз" деген шағымынан кейін комиссия балаларды отбасынан алу процесін уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады", - деп жазылған хабарламада.
Ведомство мәліметінше, 9 қаңтарда баланың жағдайы күрт нашарлап, сол күні Алматы қалалық №2 балалар ауруханасының жансақтау бөліміне түскен. Бала сол жерде 24 қаңтарға дейін ем қабылдаған. Ал 24 қаңтарда ауыр жағдайда жедел-жәрдеммен Қарасай көпсалалы клиникалық ауруханасына ауыстырылған.
"Алматы қалалық №2 балалар ауруханасына жатқызылған кезде ата-анасы баланың АИТВ-статусын жасырып, ЖИТС орталығының дәрігерлеріне жағдайы нашарлағанын, ауруханаға жатқызылғанын хабарламаған. Көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, 27 қаңтарда бала ауыр иммундық тапшылығымен қоса, сепсистен, пневмониядан қайтыс болды", - деп жазылған хабарламада.
Бұл отбасындағы екінші бала мен анасы 26 қаңтарда амбулаторлық жағдайда вирусқа қарсы ем қабылдауды бастаған. Ал баланың әкесі емделуден әлі де бас тартып отыр екен.
"Заңда АИТВ-инфекциясын мәжбүрлеп емдеу қарастырылмаған", - деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Еске салайық, былтыр Алматы ауруханасында науқастардан АИТВ анықталғаны хабарланды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова