Қазақ мәдениетінде тұңғыш немерені ата-әжеге беру дәстүрі қалыптасқан. Кейін ол "кемпір-шалдың баласы" атанып, ата-әжесін ата-анасындай қабылдап, туған әке-шешесінен жерініп, оларды мойындамай жатады. Ата-ана да балаға аға-жеңгесі секілді көрініп, жылулық, мейірім көрсете алмайды. Бұл - кейінгі кезде үзіліп қалып жатса да, әлі күнге кездесетін отбасы институтындағы, бала тәрбиесіндегі айтулы мәселенің бірі.
Massaget.kz тілшісі психологтар Мөлдір Тоқжановамен және Әсем Ілесбаймен сұхбаттасып, бұл үрдіс заманауи қоғамға қаншалық сай келетінін сұрады.
Кейін реніш пайда болады...
Маманның айтуынша, баланы түбегейлі алыстатып жіберу дұрыс емес. Бұл балаға психологиялық тұрғыда ауыр соққы болуы мүмкін.
"Баланы ата-әжесіне түбегейлі беру дұрыс емес. Бала ата-әжесінің жанында болса да, ата-анасының қолынан ұстап жүруді армандайды. Кейін балада реніш пайда болады. Бір бала ата-әжесінде, бір бала ата-анасында болса, балада "әке-шешеммен тұрады, жолы болды" деген секілді ойлар пайда болады. Әркім өзінің ата-анасының жанында бақытты", - дейді Мөлдір Тоқжанова.
Мөлдір Тоқжанова қазіргі заман мен бұрынғы заман мүлде бөлек екенін айтып, бұл бала тәрбиесіне де әсер ететінін жеткізді.
"Ата-әжелердің заманы мүлде бөлек. Ата-әжемен баланың ашылып айтатын әңгімесі де болмайды. Себебі әжелер көбіне баланы түсінбей жатады, қандай мультфильм көріп отыр, қандай ойын ойнап отыр, оны да білмейді. Ол туралы диалог құру өте қиын. Себебі қазір заман бөлек. Ата-әже тұрмақ ата-ана да қазіргі заманға, технологиялардың дамуына үлгермей жатады. Біраз уақыт ата-әжесінің жанында болған жақсы. Мысалы, демалыс күндерінде. Себебі темпераменттері бірдей. Бала да, ата-әже де ешқайда асықпайды. Ата-ана үлгермегенде, ата-әженің қасында болса, балада жан тыныштығы орнайды", - дейді ол.
Сепарацияны дұрыс түсініп жүрміз бе?
Қазір "сепарация" деген түсінік белең алып барады. Яғни ата-анадан бөліну процесі. Ал психолог мұны тұлға ретінде қалыптасу деп түсіну дұрыс болатынын айтты.
"Ата-анадан бөліну деген дұрыс емес. Тұлға ретінде қалыптасу деген нәрсе бар. 10-12 жасқа келген кезде бала қаласа да, қаламаса да тұлға ретінде қалыптаса бастайды. Төсегін айыру, омыраудан шығару деген нәрселер бар. Баланы әдетте екі жастан бастап омыраудан шығарады. Үш жасына дейін төсегін бөлеміз. Бірақ бұл рухани тұрғыда бөліну емес. Бұл тек физикалық тұрғыда балаға өзінің өмірде орны барын, ата-ана бөлек адам екенін түсіндіру. Осы рухани байланысты дұрыс ұстай алсақ, бала табиғи түрде өзі бөліне бастайды. Балаға "бөлінуің керек" дей берсең, "менен құтылғысы келеді" деп түсінеді. Бұл дұрыс емес. Баланы сыйлап, шекарасын айқындай білсек, тұлға болып қалыптасып, уақыты келгенде, өзі бөлінеді", - деді психолог.
Генограмма немесе әркімнің өз орны
Ал психолог Әсем Ілесбайдың сөзінше, отбасында әркімнің өз орны бар, бұл алгоритм бұзылмауы шарт.
"Психологияда "генограмма" деген түсінік бар. Осыған сәйкес, бала - ата-ана - бауырлары - ата-әжесі. Бұл алгоритмде әркім өз қызметін, ролін орындауы қажет және бір-бірінің орнын баспауы керек. Орнын басса, алгоритм бұзылады. Сол секілді ата-әже ата-ананың орнын баса алмайды. Бірақ ата-әже бала өмірінде ерекше орын алады. Олар дана, қазына, білгені, көргені көп. Бәрін балаға үйретеді. Ата-әжемен өскен бала өте мейірімді болып өседі", - деп түсіндірді маман.
Психолог Әсем Ілесбайдың айтуынша, үш жастан кейін баламен қарым-қатынас аса маңызды саналады. Себебі бұл оның болашағына әсер етуі мүмкін.
"Ата-әже ата-ананың орнын басса, оның психологиялық тұрғыда дамуына әсер етуі мүмкін. Психологияда "психологиялық сепарация" деген нәрсе бар. Бала үш жастан кейін анасынан ажырайды, қоғамға араласады, балабақшаға барады. Үш жасқа дейін жалғыз қалмауы керек. Ата-анасымен болуы қажет. Жалғыз қалса, тұлға болып қалыптасқанда, мәселелер туындауы мүмкін. Ата-ана осы кезде түрлі себеппен баланы ата-әжесіне тастаса, баланың психологиясында ерекшеліктер болады: көп көңіл бөлінуін талап етеді, күйгелек болады, тынымсыз болады. Бала анасының қасында ұйықтап, анасының қасында оянуы қажет. Бала анасы қасында екенін сезінуі керек. Бұл нәрсе болмаса, балада сенім қалыптаспайды. Бала санасында "анам кетіп қалса, кімге сенемін?" деген нәрсе туындап, ата-ана мен бала арасындағы сенім дұрыс жүзеге аспайды", - дейді Әсем Ілесбай.
Өмірде түрлі жағдай болуы мүмкін. Сондықтан ата-ана баланы кейін өз бауырына басқысы келсе, екі жақтан да психологиялық тұрғыда бұл қадамға дайын болмау немесе салқындық сақталуы әбден мүмкін. Психолог Әсем Ілесбай осы жайтты түсіндіріп берді.
"Балада кішкентай кезінен сенім қалыптаспайды. Сенім болмаған соң бала ашылмайды. Психологиялық тұрғыда ата-ана мен бала арасындағы қызыл жіп үзіліп қалуы мүмкін. Сондықтан үш жасқа дейінгі кезең өте маңызды. Бір аптаға қалдырса да, ол уақыттың орнын толтыру қажет. Бала өте сезімтал болады. Түрлі жағдай болады. Ата-әжесіне тастаса да, кейін ата-ана баламен 30 минут сапалы уақыт өткізуі керек. Бұл бір күннің орнын толтырады. Ал ұзақ уақыт болмаса, бір күн бойы шаруаның бәрін ысырып тастап, телефон, Instagram-сыз баламен уақыт өткізу керек", - деп түйіндеді ол.
Ата-ана балаға қандай жақсылық тілесе, ата-әже де сондай жақсылық тілейді, ешқашан жамандық тілемейтіні түсінікті жайт. Алайда қазір қоғам да, түсінік те өзгергені ешкімге жасырын емес. Сондықтан бала тәрбиесінде әрбір нәрсеге мұқият болған артық етпейді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!