“Ата-анама өзім жауап беремін“: жоғалған отбасының ұлы жазған хабарламалар жарияланды

Атырау облысында жоғалған отбасыға қатысты жаңа деректер шығып жатыр. Бұл туралы Qazaq AIRAN арнасының ақпаратынан белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Марқұм Мақсот Қарабалиннің інісі Шалқар Мұқанғалиевтің айтуынша, жоғалғандардың бірі - Наурыз тек WhatsApp желісі арқылы анасы ауырғанын, оны емдетіп жатқанын айтып отырған.

"Қарашаның бас жағында Наурыз інім WhatsApp-пен жазды. "Апа, үйленейін деп едім, қызымның аяғы ауыр, Бейнеуде, "апам үйлендірмеймін, алғызбаймын" деп жатыр" деді. "Жасың жетті ғой, өзіңнің адамың болса, неге үйлендірмейді? Сөйлесеміз" деп қойдық. Кішкенеден соң жазбай қалды", - деді марқұм Мақсот Қарабалиннің туған қарындасы Әдемі Шылмағамбетова. 

Qazaq AIRAN кадры

Жоғалғандардың жақындары бұл істе шикілік барын қашан білгенін айтты.

"Мақсот ағамыздың үлкен ағасының қызымын. 11 қазанда жиендеріміз қайтыс болып, соған бата оқып келдік, бәріміз бірге барып, бірге келдік. 13 желтоқсанда бір жерге қонаққа бардым. Қонаққа барғанымда, ағам жайлы сөз тарады. "Ол кісілер ауылда жоқ екен ғой, мал сатылып жатыр" деген әңгіме естідім. Содан Әдемі апама соқтым. Үйдің бәрін тап-таза қылып жинап кеткен. Қорқынышты ештеңе жоқ. Бәрінің телефоны өшірулі де, Наурыз WhatsApp-қа "аманмын" деп жазады", - деді тағы бір туысы Фаризат Кенжеғалиева.  

Осыдан кейін Әдемі Шылмағамбетова жоғалған отбасының ұлы Наурызға қайта хабарласқан.

"Дым қалдырмай уақ малын сатып жіберді" деген соң қайта Наурызға шықтым. "Наурыз, не істеп жатсыңдар, "уақ малды сатып жіберді, өздерің жоқ" деп айтады, қайда кеттіңдер?" дедім. "Апамды Ташкентке емдетуге алып кеттік" деді. Бір айналып тағы соқтым. "Ташкентте қайда емдетіп жатсың?" дедім, "таныстың үйіндеміз" деді. WhatsApp-пен жазады. Сол бойда жауап бермейді, бір күн өткеннен кейін жауап береді. "Еліңде малың бар, үйде газ жанып тұр, тәтең (әкесі - еск.) мен Мейрамгүлді ауылға жібер, сен анаңның қасында бол" дедім. "Апаңның емі қашан бітеді?" дедім. "10 желтоқсанда ауылға шығамыз" деді. Желтоқсан өтіп кетті, тағы соқтым. "Тәтемнің (әкесі - еск.) танысының үйіндеміз" деді. Сеніп қалып тұрмын", - деді Әдемі Шылмағамбетова. 

Сондай-ақ, Наурыздың атынан "өз ата-анама өзім жауап беремін" деген хаттар келген.

Qazaq AIRAN кадры

Атырау облысында жоғалған отбасының ісі

Еске салайық, 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына бір отбасы жоғалғаны туралы арыз түскен.

Атырау облысы ПД

6 қаңтарда ерлі-зайыпты өлі табылды. Олардың ұл-қызы әлі іздестіріліп жатыр.

8 қаңтарда ерлі-зайыптыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті.

Сонымен қатар, Жангелдин ауылында қайтыс болған ерлі-зайыптының өліміне байланысты күдіктіге іздеу жарияланды. Күдікті - Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны. Бұл оқиғаға өзге де адамдардың қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз