Жасыратыны жоқ, жақсы табыс табамын деп, шетел асып кетіп жатқан жастар көбейді. Елдегі айлық жалақысына көңілі толмай, Оңтүстік Кореяға аттанғандардың бірі – жамбылдық Мөлдір Қуантайқызы. Massaget.kz тілшісі Инчхон қаласында заңсыз жүргені әшкереленген соң, амалсыз елге қайтқан жерлесімізбен сөйлесті.
"Бара сала бір ай ғана жарамды туристік виза алдым. Немере ағам Оңтүстік Кореяға біраз жыл бұрын кеткен. Мен барғанша жалға алып тұратын пәтерді де, жұмысты да дайындап қойды. Пәтерақы - 60-70 мың теңге көлемінде. Бір мейрамханаға аспаздың көмекшісі болып жұмысқа тұрғам, бірінші айда 700 мың теңге жалақы алдым", - дейді Мөлдір.
Оңтүстік Кореяны әдетте еңбек мигранттары үшін өте қауіпсіз әрі ең таза ел деп айтады. Тіпті түн ішінде жалғыз-жарым сейілдеп жүрсе де, бейсауат адам тиіспейді екен.
"Инчхон қаласы кез келген адам үшін қауіпсіз қала екеніне көзім жетті. Үш қабатты тұрғын үйден пәтер жалдадым, жеделсатысы да бар. Ауласы тап-таза және тыныш, жаныңа керектігінің бәрімен қамтамасыз етіп қойған", - деп сыр ақтарды.
Аспаздың көмекшісінің ай сайынғы табысы 1 миллион теңгені құрапты. Бірақ бір жылдан кейін Мөлдірдің Оңтүстік Кореяда заңсыз жүргені әшкереленіп, елге қайтуға мәжбүр болыпты.
"Кореяға көктемде барған дұрыс. Бұл кезде ағаштар гүлдеп, айнала ерекше сұлулыққа малынып тұрады. Өзім күзде, қараша айында бардым. Жұмысқа үйренген соң, жалақым да өсті. Пәтерақым, тамағым, керек-жарағымды есептемегенде ауылға ата-анама 1 миллион теңге аударып отырдым", - деді ол.
Оның айтуынша, қандай көлемде болса да, ол жақта аударым жасау да оңай көрінеді. Мобильдік бағдарлама түсінікті әрі жеңіл. Мигранттар көп келетін ел болған соң, бұл жағынан көп мүмкіндік жасалған. Корей елінде полицейлерге ел ішінде рұқсатсыз жүрген азаматтарды хабарлағандарға 1 миллион вон сыйақы беріледі екен. Біздікімен 300-350 мың теңгенің көлемі.
Айта кетейік, Жамбыл облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының мәліметіне сүйенсек, былтыр 784 жамбылдық шетелде тұрақты тұру үшін өтініш берген.
Басқарма бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Жарас Сәтбергеновтің айтуынша, көшіп кеткендердің көпшілігі Ресей Федерациясын, Германия, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан мемлекеттерін таңдаған. Биылғы 3 айдың өзінде шетелге 92 азамат қоныс аударған. Оның 42-сі – Ресейге, 23-і – Қырғыз еліне және 12-сі Германияға, қалғаны Әзірбайжан, Ұлыбритания, Грекия, Түркия сондай-ақ Өзбекстан, Түркіменстанға кетіпті.
А.Сырымбет
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!