Оқушыны басқа ата-аналардың өтінішімен сыныптан шығарып жіберуге бола ма? Толығырақ Massaget.kz материалында.
Кейбір сыныптарда тентек оқушы болады. Ол басқа балаларға бірінші болып тиісуі, олардың сабақ оқуына кедергі келтіруі, үнемі басқа оқушыларды жылатып қоюы мүмкін. Мұндай кезде ата-аналар жаппай өтініш жазып, баланы сыныптан шығарып жібергісі келеді. Мектеп ережесі бойынша басқа ата-аналардың оқушыны сыныптан немесе мектептен шығарып жіберуіне құқығы бар ма? Бұл сұраққа Д.А.Қонаев атындағы №1 қазақ орта мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары Мира Әбдінұрқызы жауап берді.
"Оқушының үстінен өтініш жазып, оны сыныптан немесе мектептен шығарып жіберуге болады деген заң жоқ. Оқушы өз ата-анасының немесе қамқоршысының өтінішімен ғана сыныптан сыныпқа немесе басқа мектепке ауыса алады. Оқушының ата-анасының келісімінсіз оны басқа сыныпқа немесе мектепке ауыстыруға ешкімнің құқығы жоқ", - дейді Мира Әбдінұрқызы.
Маман мұндай жағдайда баламен психолог жұмыс істейтінін айтты.
"Әр сыныпта бір тентек бала болады. Мұндай жағдайда алдымен баланың өзімен жеке сөйлесеміз. Содан соң ол баланың ата-анасын шақыртып, сөйлесеміз. Одан кейін баламен ата-ананың рұқсатымен психолог жұмыс істейді. Маман ол баланың неліктен басқа балалармен тіл табыса алмайтынын және неліктен ол ортаға бейімделе алмағанын анықтайды. Бала неліктен ондай қылық көрсетіп жатыр? Әдетте бала белгілі бір себеппен ғана басқа оқушыларды ұрады немесе төбелеседі. Бала бекерден-бекер ондай қылық көрсетпейді. Баланың ата-анасы да оған солай істе деп айтпайды. Сол себепті баламен сынып жетекшісі мен психолог маман жұмыс істейді. Баланы сыныптан шығарып жібермей, сол ортаға сіңдіруге тырысуымыз керек", - дейді оқу ісі жөніндегі орынбасар.
Мира Әбдінұрқызы балаларға дұрыс жол көрсетуіміз керегін еске салды.
"Балаға сен осындайсың деп оны шығарып жіберетін болсақ, бала одан жақсы болып кетпейді. Оған қоса, олай шығарып жіберуге ата-аналардың да, сынып жетекшісінің де, мектеп директорының да құқығы жоқ. Баланың тағдыры барлығымыздың қолымызда екенін ұмытпайық. Балаға кінә артып, баланы дұрыс емес жағдайға бұрмалап, оған жаман әсер етпеуіміз керек. Онсыз да қазір балаларды телефон тәрбиелеп жатыр. Балаға дұрыс жол көрсету әр ата-ананың, ұстаздың жауапкершілігін талап етеді", - деп қорытындылады маман.
Сыныптасыңыз буллинг құрбанына айналса, оған қалай көмектесе аласыз? Мына жерден оқыңыз.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!