Қазақстанда ата-аналардың жұмыс күнін бір сағатқа қысқарту ұсынылды. Бұл бастамаға Үкімет өкілдері жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жайы
Бұл бастаманы депутат Қарақат Әбден кеше Еңбек кодексіне түзетулер талқыланған кезде көтерді.
"Кішкентай балалары бар, жұмыс істеп жүрген ата-аналардың тіпті балабақшадан баласын алып кетуге мүмкіндігі болмай қалады", - деді ол.
Үкіметтің жауабы
Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл бастаманы естімегенін, десе де оны түсініп, егжей-тегжейлі зерделеу керек екенін айтты.
"Әлемдік тәжірибеде мұндай нәрсе бар. Біреу үйде отырса, үйдегі тірлікпен айналысса, әсіресе, балаларға қараса, кәдімгі еңбек. Оны елемеуге болмайды. Мұның бәрі - есептелетін заттар, экономикада бәрі есептеледі. Сондықтан бұл бастаманы тереңірек бағалау қажет", - деді ол.
Шенеунік депутаттар ресми түрде жүгінсе, олардың кез келген бастамасын Үкімет қарауға міндетті екенін айтты.
Еске салайық, бұған дейін әйелдердің жұмыс күнін қысқарту ұсынылды. Мұны да Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден ұсынды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова