Ата-аналар чаттарына арналған бірыңғай регламент әзірленуі мүмкін

Қазақстанда ата-аналар чаттарына арналған бірыңғай регламент әзірленуі мүмкін. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министрге "мектеп чаттарында ата-аналар мен педагогтердің қарым-қатынасына қатысты нақты ереже қажет пе?" деген сұрақ қойылды. 

Жұлдыз Сүлейменова регламенттің қажет екенімен келісті.

"Қазір осы талқының бәрін жинақтап, пікірлерді қарап жатырмыз. Кейбір ата-аналар мұны жақсы түсініп, қолдап отырғанын көріп отырмыз... Меніңше, иә, регламент қажет", - деп жауап берді министр.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, алғашында сағат 18:00-ден кейін мұғалімдердің ата-аналардың хабарламасына жауап бермеуі туралы нұсқа талқыланған. Алайда министрлік бұл уақыт барлық мектепке бірдей сәйкес келмейтініне назар аударды.

"Қазір бізде сабақтары сағат 20:00-де аяқталатын екі ауысымды мектептер бар, сондықтан негізгі фокус өзгереді", - деп түсіндірді ол.

Шенеуніктің пікірінше, ата-аналар чаттарында қандай сұрақтар шұғыл жауапты талап ететінін, қайсын кейінге қалдыруға болатынын, ал қай мәселелерді мүлдем талқыламау керек екенін анықтап алу қажет. Сонымен қатар, ереже мұғалім немесе сынып жетекшісі қай чаттарда болуы керек, ал қайсында болмауға тиіс екенін де айқындауы мүмкін.

"Қажет болса, Оқу-ағарту министрлігі ата-аналар чаттарына қатысты осы мәселелердің барлығын реттейтін бірыңғай нормаларды әзірлеуге дайын. Уақыты келді. Бұлай жалғаса бермейді", - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!