- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ата-ана балаға махаббатын...
Ата-ана балаға махаббатын қалай көрсете алады? Психолог бала ересектерден естігісі келетін 30 сөзді айтты
Кей ата-аналар табиғатынан суық келеді немесе өз сезімдерін баласына қалай көрсетуге болатынын білмейді. Ал кей ата-аналар балаға тек оған қалағанын алып беру арқылы махаббатымды көрсете аламын деп ойлайды. Балаға махаббатымызды қалай көрсете аламыз және қандай сөздерді балаға жиі айтқан дұрыс? Бұл сұрақтарға Massaget.kz тілшісіне балалар психологы Амантайқызы Ақгүл жауап берді.
Адамның балалық шағы оның ересек өміріне тікелей әсер беретіні көптеген зерттеулермен дәлелденіп жүр. Ата-анасының махаббатын сезініп өскен бала өзіне сенімді болады. Ал адамның өзін-өзі бағалауының жоғары болуы оның өмірінің көптеген аспектілеріне жағымды әсер етеді.
Маман бала отбасыда өзін қажетті, маңызды және сүйікті сезінгісі келетінін айтты.
"Көпшілік ата-ана баланы құшақтап сүю, жақсы көрем деп айту, одан қалса сұрағанының барлығын алып беруді махаббат деп түсінеді. Бірақ, махаббат әркімнің түсінігінде әртүрлі ұғым. Балаға ата-анасы махаббатын сезіндіру үшін балаға сапалы уақыт бөлу өте маңызды. Сіз тәулік бойы баланың жанында болып, ойыншықтарын сатып алып беріп, бренд киім киіндіруіңіз мүмкін. Бірақ, баламен эмоционалды жақын болмасаңыз, бала өзін жалғыз сезінеді және "мені ешкім түсінбейді", "мені жақсы көрмейді" деп қабылдайды. Бала үшін ең маңыздысы - өзін ата-анасы үшін маңызды, сүйікті бала екенін сезіну. Ол үшін ата-анасының қолдауы қажет, әсіресе, балаға қиын кезде, қателік жасап қойғанда оны сөкпей, жазаламай, оған ұрыспай, түсіне білу өте маңызды рөл атқарады", - деді психолог.
Баланың дамуына ата-ана сөзі күшті әсер береді. Ол баланы ренжітуі, қуантуы, оған мотивация немесе шабыт беруі мүмкін. Психолог ата-ананың балаға жүйелі түрде өз махаббатын, қамқорын көрсетіп, түсіністік білдіруі бақытты әрі толыққанды адам тәрбиелеп өсіру мүмкіндігін арттыратынын айтты. Сондай-ақ маман бала жасына қарамастан оған қолдау мен күш беретін сөздерді жиі айту керегін ескертті. Ендеше, психолог Амантайқызы Ақгүл ұсынған әр бала естігісі келетін 30 сөзді біле жүріңіз:
1. Мен сенімен мақтанамын
2. Жақсы жұмыс жасадың
3. Берілме
4. Сенің қолыңнан келеді
5. Сенің қолыңнан келді
6. Сен жақсы баласың
7. Мен саған сенемін
8. Осы бетіңнен қайтпа
9. Сенің жетістіктеріңе қуанамын
10. Сен мен үшін маңызды жансың
11. Сенің мақтана алатын қасиеттерің бар
12. Сенің шешіміңді сыйлаймын
13. Бұл ісің керемет болды
14. Идеяң керемет
15. Өзіңе сен
16. Креативті бол
17. Қателесуден қорықпа
18. Ерекше баласың
19. Мен саған көмектесемін
20. Басқаларға көмектес
21. Өзіңді жоғалтпа
22. Өзіңді дамытудан жалықпа
23. Арманда
24. Мақсат қой
25. Сені бағалаймын
26. Өз күшіңе сенімді бол
27. Сен мені шабыттандырасың
28. Сенің мен үшін орның ерекше
29. Әрдайым сенің жаныңдамын
30. Көмегің үшін рахмет