- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ата-ана балаға ингаляция...
Ата-ана балаға ингаляция жасау кезінде қандай қателер жібереді? Педиатрмен сұхбат
ЖРВИ және басқа тыныс алу жүйесінің аурулары кезінде жөтелді жеңілдету үшін дәрігер ингаляция жасау керегін айтуы мүмкін. Алайда кейде ата-аналар баласы әр жөтелген сайын үйде оған өздігінен ингаляция жасай береді. Бұл несімен қауіпті? Massaget.kz тілшісі Ақтөбе қаласының №3 қалалық емханасының педиатры Кабделова Замирамен сөйлесті.
Ингаляция көмегімен дәрілік препаратты тыныс алу жолына жылдам жеткізуге болады. Себебі бұл процедура кезінде адам дәрінің ұсақ бөлшектерін ішке жұтады. Бұл бірнеше мақсатқа жетуге көмектеседі:
- Шырышты қабықшаны ылғалдандырады;
- Жөтелу азаяды;
- Қақырықты жақсы шығарады;
- Бронх бетін ылғалдандырады;
- Шырышты қабықшадағы ісінуді басады.
Ересектерге де, балаларға да ингаляция арнайы құрылғы – небулайзермен жасалынады. Бұл құрылғы дәрілік ерітіндіні аэрозольге айналдырады. Дәрігер жөтел түріне қарай ингаляция жасауға арналған дәрі түрін жазып береді.
Алайда оны дәрігер кеңесінсіз, өз бетінше қолдану қауіпті.
Педиатр Кабделова Замира балаға ингаляция қай кезде жасалынатынын айтты.
"Ингаляцияны обструктивті бронхит, бронх демікпесі, созылмалы обструктивті өкпе ауруы, круп синдромы кезінде тағайындаймыз. Балаңыз жөтеліп бастаса, бірден ингаляция жасауға әдеттенбеңіз. Жөтел ауру емес, жөтел қорғаныш рефлексі. Жөтелдің себебі әртүрлі болуы мүмкін. Дәрігерге қаралып, себебін анықтағаннан кейін ингаляция қажет десе, оны қолдансаңыз болады", - дейді маман.
Сондай-ақ кей ата-аналар ингаляцияны небулайзерге боржоми, эфир майлары және шөптік тұнбаларды құйып жасайды. Дәрігер ингаляцияға арналмаған нәрселерді қолдану денсаулыққа қауіпті екенін ескертті.
"Ингаляцияны оған арналған ерітінділермен жасау керек. Мәселен, тұзды ерітіндімен немесе боржомимен жасалған ингаляция жөтелді емдемейді. Адамның төменгі тыныс жолдары стерильді және ағза өзі табиғи түрде стерильді болуды сақтауға тырысады. Боржоми стерильді емес. Боржомидың құрамында физиологиялық ерітіндіге қарағанда құрамында көмірқышқыл газы, тұз және сода көп, тыныс алу жолдарында тағы да тұз бен соданың шөгуі болады. Көмірқышқыл газы бас айналуға, жүрек айну мен тұншығуға және т.б салдарларға әкеледі. Ол тыныс алу жолдарының шырышты қабығын құрғатады. Сонымен қатар мирамистин, эфир майлары, ас содасы және т.б заттармен ингаляция жасауға болмайды", - дейді педиатр.
Ингаляцияға арналған арнайы дәрі-дәрмектер бар. Оны дәрігер баланың жөтеліне қарай жазып береді.
"Набулайзер тек тыныс алу жолдарының шырышты қабығына дәрілік затты жеткізу үшін қолданылады. Сондықтан оны қолданудың ережесін қатаң сақтаған абзал. Бронхтың бітелуіне арналған бронходилататорлар, ингаляциялық гормондар, круп синдромы және бронх демікпесіне арналған біріктірілген препараттар бар. Әр ауруға арнайы ерітіндіні қолдануды ескеріңіз, дәрігердің тағайындауымен ғана қолданыңыз", - деп кеңес берді Замира Кабделова.
Балаға ингаляция жасау кезінде көпшілік ата-ана жіберетін 5 қателік:
- Ингаляцияны балаға әр жөтелген сайын жасау. Небулайзер арқылы дәрі ағзаға терең сіңеді. Алайда оны жеңіл тұмау кезінде қолданбауға болады. Сондай-ақ оны тек дәрігер тағайындауымен қолдану маңызды.
- Өздігінен емдеу. Көпшілік ата-ана бала енді ауырып бастағанда оны өз бетінше емдеп бастайды. Оған себеп көп: дәрігерлерге сенбеу, өзінің шешіміне сенімді болу, ауруханада кезекте отырғысы келмеу және т.б. Содан соң қарапайым тұмау әбден асқынып кеткенде ғана дәрігер көмегіне жүгінеді. Әркез дәрігер кеңесін алуды әдетке айналдырыңыз.
- Ерітінді орнына эфир майларын қолдану. Эфир майларының құрамындағы майлар ағзаға терең сіңбеуі керек. Әйтпесе, олар бронхта тұрып қалады. Бұл денсаулыққа пайдалы емес.
- Ингаляцияны жасау жиілігін арттыру. Әдетте дәрігер ингаляцияны күніне 2-3 рет жасауға кеңес береді. Қаншалықты көп жасасам, соншалықты жақсы деп ойламаңыз. Ингаляцияны жасау ережелерін сақтаңыз. Әр ингаляция процедурасының арасы 4-5 сағатты құрауы керек. Сондай-ақ оны тамақтанғаннан кейін жарты сағаттан соң ғана жасауға болады. Оны дәл ұйықтар алдында жасауға болмайды. Баланың дене температурасы жоғары болса, ингаляция жасауға болмайды.
- Ингаляцияны кезекпен-кезек қолдану. Кейде отбасыда екі бала қатарынан ауырып қалады. Бір балаңызға ингаляция жасап болған соң оны екінші балаға кигізе салуға болмайды. Оны әр қолданар алдында жақсылап жуу керек.
Оқи отырыңыз: Түнгі жөтелді қалай басуға болады?
А. Жапатова