"Ат үстінде үлкен жігіт сияқты көріндің". Шалшыққа тұншыққан сәбиді құтқарған бала марапатталды
Жуырда Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Жамбыл ауылдық округінде оқушы суға ағып бара жатқан 3 жастағы баланы құтқарып қалған болатын. Жұрт батыр балаға ризашылығын білдірген еді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды да оқушыны қабылдап, арнайы марапаттады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Кішкентай баланы судан құтқарып алғаныңды ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіден көріп, сүйсіндік. Ат үстінде үлкен жігіт сияқты көріндің. Оқушы екенсің. Осы ерлігің үшін саған және өзіңдей патриот ұлды тәрбиелеген ата-анаңа алғысымды айтамын. Жарайсың!" - деді Дархан Сатыбалды.
Әкім Нұркелді батырға Алғыс хат пен бағалы сыйлығын тапсырған. Оқушының әкесі арнайы көңіл бөліп, құрмет көрсеткен өңір басшысына ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, Қ.Үкібаев атындағы №37 жалпы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Нұркелді Нұрполат 4 наурызда сағат 11:30 шамасында арнаға ағып бара жатқан кішкентай баланы байқаған. Нұркелді ойланбастан атынан секіріп түсіп, баланы судан алып шығады. Ол ес-түссіз қалған баланың аяқ-қолын қимылдатып, жасанды дем беріп, алғашқы көмек көрсеткен.
Құтқарылған бала үш жарым жаста екен. Ал баланы құтқарған батыр бала Нұркелді Нұрполат 2008 жылы 1 желтоқсанда Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген. Ол мектепте үлгілі тәртібімен, үздік оқуымен ерекшеленеді. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Футбол үйірмесіне қатысып, түрлі деңгейдегі жарыстарда көзге түсіп жүр. Нұркелді - отбасындағы үш ұл, үш қыздың ішіндегі екінші бала.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Еске салайық, бұған дейін Желіде Жамбыл ауылында ат үстіндегі жасөспірімнің шалшыққа тұншыққан 3 жасар сәбиді құтқарған сәттің видеосы тарағаны хабарланған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова