Ат құлағында ойнайтын алты баланың анасы. Түркістанда көкпаршы келіншек тұрады
Әйелдер арасында да арғымаққа қарғып мініп, көкпар тартып, бәйгенің алдын бермей жүргендер бар. Бірақ сирек. Солардың бірі - Түркістан облысы Созақ ауданында тұратын Адалат Алтешова. Алты жасында ат құлағында ойнаған ол алты балалы болса да әлі күнге тізгінді бермей келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Адалат Алтешованың сөзінше, бұл қасиет ата-анасынан дарыған. Өйткені анасы шабандоз болыпты.
"Анамның ішінде жатып, атқа міндім десем болады. Шешем шабандоз болыпты. Туған соң да әкем мені есім кірер-кірмес алдына өңгеріп, атқа отырғызған екен, содан міне әлі аттан түскенім жоқ. Әкем өмірден ерте өтті, 45 жасында. Кәдімгі кәсіби көкпаршы болған ол кісі. Анам да алпыстан асқанша атқа өзі мініп-түсетін", - дейді көкпаршы Адалат Алтешова.
Ол алғаш 13 жасында бәйгеге қатысып, аудан бойынша бірінші орын алған. Содан бері талай-талай аламанның алдын бермеген алты баланың анасы әлі де арғымақ десе ішкен асын жерге қойып, көкпар, бәйге десе, делебесі қозып тұратынын жасырмады. Бір қызығы, көкпаршы келіншектің күйеуі Дулат Әбішев кезінде оның басқа емес, тап осы қырына ессіз ғашық болыпты.
"Ешқашан бетінен қаққан емеспін, керісінше қолдау көрсетіп отырдым. Неге? Себебі қазақта мұндай қыздар көп емес қой? Бұл да бір жүректілік. Бұл да бір ептілік", - дейді оның жары.
Бірақ кейінгі жылдары оның жарыстарға қатысуы қиындапты.
"Осы күзде мені бірінші рет бәйгеге қатыстырмай қойды. "Әйелдерге болмайды" деп. Оған дейін ешкім меселімді қайтармап еді. Бәрібір балаларға қарап жүрем, жаттықтырамын, ұзап кете алмаймын сол маңайдан. Әкемнің өзі мені ұлдан кем қылмай өсіріп, атқа баулыды ғой, ол құмарлық қайда кете қойсын бойымнан?" - дейді Адалат Алтешова.
Өмір бойы ат мініп, жылқы жалын құшып өскен келіншек бұл қызығушылығынан алыстай алмаған. Аламанға қатыспаса да Адалат бие байлап, асыл тұқымды жылқы өсіріп, әйтеуір аттың айналасынан алысқа ұзап кете қоймапты. Қала берді алты баласын жолдасы екеуі атқа баулып өсіріп отыр.
"Ендігі үмітім - соларда", - дейді ол.
Мәриям Әбсаттар
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz