Павлодарлық полицейлер 16 жастағы студенттің өлімін тергеп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қыздың өлімі туралы ақпарат kerek.pv Telegram-арнасында пайда болды. Кәмелетке толмаған қыз Павлодар облысы Черноярка ауылында асылып тұрған күйде табылған.
Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы мәліметінше, қоңырау 18 маусымда таңертең түскен.
"Кәмелетке толмаған қыздың асылып қалғаны хабарланды. Оқиға орнына барған жедел жәрдем бригадасы мен ауыл фельдшері 16 жастағы қыздың механикалық асфиксия салдарынан қайтыс болғанын айтты", - деді Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы өкілі.
Ауыл әкімдігі мәліметінше, колледж студентінің денесі үйден табылды.
"Бұл өте қиын жағдай. Қазір жерлеуге көмек көрсету мәселесін шешіп жатырмыз", - деді Павлодар облысы Чернояр ауылдық округінің әкімі Ермек Тақтауылов.
Полиция оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтайды.
"Осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы 3-бөлігі бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Сот сараптамасы тағайындалды", - деді өңірдің Полиция департаменті өкілі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!