“Асығыстыққа жол беруге болмайды“ - Тоқаев ел ішіндегі көп пікірге қатысты

Президент Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай маңызды шешім кең ауқымды талқылау арқылы қабылдануға тиіс екенін мәлімдеді.

"Бір палаталы Парламент құру туралы бастама инновациялық саяси шешім болды. Қазір ел ішінде, әлеуметтік желіде түрлі ой-пікір айтылып жатыр. Басым көпшілігі мұны "әбден пісіп-жетілген мәселе" деп санайды. Тіпті "халықтың көбі қолдаған бастаманы талқылап, референдум өткізудің қажеті жоқ" деген ой да айтылып жатыр. "Реформаны созудың қажеті жоқ, таяу арада, қысқа мерзім ішінде жасай салуға болады" деген пікір де бар. Шын мәнінде, қай жағынан алып қарасақ та, мәселе өте өзекті. Азаматтарымыздың әртүрлі пікір айтып, белсенді болғаны – жақсы үдеріс. Дегенмен парламенттік реформа – аса күрделі жұмыс. Асығыстыққа жол беруге болмайды. Себебі бұл – еліміздің тағдырын шешетін жағдай. Бұл – мемлекеттің болашағына тікелей ықпал ететін қадам. Мұндай маңызды шешім кең ауқымды талқылау арқылы қабылдануға тиіс. Қазақстан – халық үніне құлақ асатын Әділетті мемлекет. Бұл – мызғымас ұстаным", - деді Тоқаев.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!