- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Асығыс жасалып жатыр"....
"Асығыс жасалып жатыр". Nextgen Finance Forum 2024 форумында жаңа салық кодексі талқыланды
Мемлекет өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің табысы 15 млн теңгеден аспаса "жеке кәсіпкер" ретінде тіркелуге міндеттемейді. Бұл туралы 27-маусым елордада жаңа салық кодексін талқылауға арналған "Nextgen Finance Forum 2024" үлкен форумында ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлім етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жаңа кодекс шеңберінде азаматтардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелу шегін жоғарылатып отырмыз. Қазіргі таңда 12 ай табыстық мөлшер 1 млн теңге болатын болса, ол салық органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркелетін. Жаңа кодекс шеңберінде біз бұл соманы 15 есеге көбейтіп жатырмыз. Екіншіден, шағын бизнесте жүрген азаматтар жалпы табысынан 2% ғана салық төлейді. Бизнес өкілі екені құжат боойынша танылып, айналымы біз айтқан 15 миллион теңгені құраса жылдық салық үлесі – 8% құрайды. Қазіргі таңда қосылған құн салығына міндетті түрде тұру үшін 20 мың айлық есептік табысы (70 млн асса) болуы тиіс. Жаңа режимде бұл шек 7 есеге ұлғайып, 500 млн теңгеге көтеріліп жатыр. Салық төлеуші бизнес өкілдері кәсіптерін ЖШС, ИП-ға бөліп тастамай, тек өз атынан жүргізіп толыққанды салық төлейді. Бүгін біраз ұсыныстар түсіп жатыр. Ұсыныстардың басым бөлігі арнайы салық режимдеріне қатысты. Жаңа салық кодексіне біз бірнеше режимді қосқан болатынбыз, кәсіпкерлер сол өзгерістермен келіспей отыр", - деп атап өтті Ержан Біржанов.
Форум ұйымдастырушысы, кәсіпкер Екатерина Ким жаңа салық кодексінің асығыс жасалып жатқанына бизнес қауымдастық наразы дейді.
"Бұл форумның ұйымдастырушылары ретінде бизнес қауымдастық өкілдері мен салық сарапшыларынан тиісті ұсыныстарды жинап, үкіметке жеткіздік. Бүгінгі форум аясында мемлекет кейбір олқылықтарды түсінді және үкіметтің бизнеске құлақ асып жатқаны бізді қуантады. Бизнестің жаңа салық кодексін талқылауына аз ғана уақыт берілді, адамдар мұндай қатаңдатылған салық кодексін күтпеді. Әкімшілік міндеттер мен көптеген тексерулер енгізілген. Атап айтсам, бөлшек салығы мен жеңілдетілген режимді алып тастауға қарсымыз. Үш жыл мораторийде болдық, енді салық тексерістерін қатайтпақшы. Бұрын кәсіпкерлердің мүддесін қорғаған бірнеше пунктілер қазір мүлдем жоқ. Бұл бизнес үшін үлкен мәселе. Жаңа салық режимімен шағын кәсіпкерлердің 80% көлеңкелі бизнеске кетеді. Отбасылық бизнеске де жол жабық, себебі, жылдық лимитті 500 млн теңгеге көтерді. Кәсіпкерлердің айналымы 500 млн болғанымен, табысы 50-100 млн теңге ғана болуы мүмкін, ал төлейтін қосымша құн салығы, үстеме салықтармен минусқа кетуге болады", - деді Екатерина Ким.
"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов жаңа кодекс көп жағдайда мемлекет мүддесіне жұмыс істеп отырғанын алға тартты.
"Кодекстегі жаңа өзгерістердің 70% бизнес өкілдері ұсынған еді. Бірақ әлі де шешілуге тиіс ауқымды мәселе бар. Мысалы, бұрын салыққа 3% төлеген кәсіпкер енді 8% төлеуге міндеттеліп отыр. Біз бұған келіспейміз. Сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға қатысты да бірқатар мәселе бар. Айта кетейін, өнімді өзі өндіріп, өзі сататын салық төлеушілер күшін корпоративтік табыс салығы 10%, жеке табыс салығы 5% төмендетіледі. Жалпы, жаңа құжат мемлекеттің ғана емес, бизнестің де мүддесі үшін жұмыс істейді деп сенеміз", - дейді "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов.
Айта кетейік, енді жаңа салық кодексіне «сән-салтанат» салығы енгізіледі. Мұнда 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүліктер, қымбат көліктер, яхта, кеме, тіпті қымбат алкогольді ішімдіктер мен табак өнімдері кіреді. Сондай-ақ, салық 10 жыл бұрынғы көлікке 30%, 20 жылдық көлікке 50% арзандайды. Енді, салыққа берешек 20 АЕК жетпесе, яғни, қарыз 73 мың теңге шамасында болса, бірден шоттар бұғатталмайды. Салық органы бірінші кезекте ескерту жібереді. Жаңа салық кодексінің жобасы 5 шілдеге дейін халық талқылауына ұсынылды. Кез-келген қазақстандық ашық порталына кіріп, өз пікірін қалдыра алады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан