“Астықты Еуропа елдері сатып алып жатыр“. Тоқаев ауыл шаруашылығы мамандарымен әңгімелесті

“Астықты Еуропа елдері сатып алып жатыр“. Тоқаев ауыл шаруашылығы мамандарымен әңгімелесті
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Ақмола облысындағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жетекшілерімен саланың жай-күйі, шаруалардың жетістіктері, сондай-ақ, қордаланған мәселелері жөнінде әңгімелесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Биыл ауа райы қолайлы. Үкімет қолдау көрсетіп отыр. Жанар-жағармаймен қамтамасыз етіп, алдын ала жеңілдетілген несие беріп жатыр. Астық түсімі жақсы болады деп ойлаймыз. Баршаңызға табыс тілеймін. Жолдауда атап өткенімдей, басты міндет – ауыл шаруашылығында терең өңдеу өндірісін дамыту. Былтыр ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі 8 триллион 250 миллиард теңге болды. Бұл көп те, аз да емес. Өңірдегі басқа елдермен салыстырғанда ауыл шаруашылығы жақсы нәтижеге қол жеткізді. Бірақ ішкі жалпы өнім көлеміне шаққанда, бұл 6 пайыз ғана. Яғни экономикадағы ауыл шаруашылығының үлесін арттыру қажет. Ауыл шаруашылығы – біз үшін табысты сала. 12 миллион тонна бидай экспорттау әлеуеті – өте жоғары көрсеткіш. Қазірдің өзінде астықты Еуропа елдері сатып алып жатыр. Жолдауда айтқанымдай, астықтың алғашқы легі, шамамен 15 мың тонна бидай Вьетнамға жолданды", – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, сапар аясында астықты өңірлер әкімдерінің қатысуымен егін жинау науқанына арналған кеңес өткізу жоспарланған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget